Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас қайта жандана бастады – Жақсылық Сәбитов

0

Соңғы он жылдықта үзіліп қалған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас қайта жандана бастады. Бұл туралы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы Жақсылық Сәбитов айтты.

«16 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға сапар жасады. Менің пікірімше, бұл сапардың басты мақсаты – қазіргі Өзбекстанның қал-жағдайын бақылап, қайда қарай бет алғанын түсіну. Өзбекстанда жаңа президент сайланғаннан кейін елдегі жағдай өзгерді. Валютаны реттеу туралы тиімсіз заңдардың күші жойылып, көптеген сала ырықтандырылды. Өзбекстан кең көлемді өңірлік интеграцияға дайын ба, жоқ па, әзірге түсініксіз», — деді Жақсылық Сәбитов.

Сондықтан, оның айтуынша, сапар кезінде Мемлекет басшысы Өзбекстанның интеграцияға қаншалықты дайын екенін пайымдап, екі ел арасындағы екіжақты экономикалық қарым-қатынастардың қарқынын арттыруға күш салды.

«Осы жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда 35 %-ға артты. Бұл үлкен көрсеткіш. Бұл индикатор екі ел арасындағы тауар айналымы үлкен қарқынмен артатынын көрсетіп отыр. Саясат тұрғысынан алсақ, соңғы он жылдықта үзіліп қалған екі ел арасындағы қарым-қатынас қайта жандана бастады. Бұрынғы президент кезінде әлеуметтік-гуманитарлық және мәдени ынтымақтастық нашар болды. Сондықтан мәдениет саласында да серпіліс болады деп үміттенемін», — деп түйіндеді сарапшы.

Пікір қалдыру