Елбасы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы Достық үйіне барды

0

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы жұмыс сапары аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы орналасқан «Достық үйінің» жаңа ғимаратын аралап көрді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті.

– Мен сіздерге Өзбекстан мен Түрікменстанға сапарларымнан соң келіп отырмын. Біздің кездесулеріміз бен уағдаластықтарымыздың нәтижесінде осыған дейін болған кедергілердің барлығы алынып тасталды. Бүгінде жақын көршілерімізбен тиімді ынтымақтасу үшін барлық жағдай жасалған, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының өзекті тұстарына ерекше тоқталды.

– Санамызды жаңғырту – қоғам үшін қай кездегіден өткір мәселе болып тұр. Ақпараттық-цифрлық заманда бір орында тұруға болмайды, бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес жетіліп, өзгеріп отыру қажет. Адамдармен бірге бүкіл қоғам да бәсекеге қабілетті болуға тиіс, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігіне және мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшуінің маңыздылығына назар аударды.

– Мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып саналатынын әрдайым айтып жүремін. Латын әліпбиіне өту мәселесін дұрыс түсінген жөн. Тіл халқымызды одан әрі біріктіру үшін жетелеуге тиіс, – деп қорытындылады Қазақстан Президенті.

Соңында Елбасы «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағының аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттарды көрді.

***

Бүгінде «Достық үйінде» 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 аналар кеңесі, 12 ақсақалдар кеңесі, 12 медиация кабинеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қол өнер шеберлерінің клубы және «Ақ желкен» жастар бірлестігі жұмыс істейді.

Пікір қалдыру