Жеңіске толы жексенбі: Қазақтың мерейін кімдер өсірді?

0

17 қыркүйек Қазақстан спорты үшін айтулы жаңалықтарға толы болды. Жылдың басты жекпе-жегі Головкин мен Сауль Альварес жұдырықтасып, тең түсті. Бұдан бөлек Зарина Дияс пен теннистен Қазақстан ерлер құрамасы спортсүйер қауымды қуантты.

 Головкин тең түсті. Сарапшылар төрешілер шешіміне наразы

Дүйім жұрт асыға күткен GGG-Canelo арасындағы жекпе-жек аяқталып, төрешілер шешімімен қос боксшы тең түсті. Жұрт әдеттегідей Головкиннен нокаут күтті, бірақ бұл жолы оны көре алмады. Жылдың басты кездесуі қалай өтті? Төрешілер шешімі қандай? Головкин айқын жеңіске жеткенін кімдер айтып жатыр?

Лас-Вегаста өткен WBA, IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес арасындағы (49-1-1, 34 КО) жекпе-жекте Big Drama Show болмады. 12 раундқа созылған жекпе-жек соңында бірінші төреші Аделаиде Берд 118-110 есебімен жеңісті Альвареске, ал екінші төреші Дэйв Моретти 115-113 есебімен жеңісті Головкинге берсе, үшінші төреші Дон Трелл 114-114 деген нәтиже шығарып, қос боксшыны тең деп тапты.

Головкин жекпе-жектен соң өз пікірін білдірдіі.

«Мен жеңілген жоқпын. Əлі де чемпионмын. Мені қолдағандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Әрине, реванш өткізгім келеді. Мен бокстасқым келеді», — деп пікір білдірді.

Альварес болса: «Головкиннің жойқын күшін сезінбедім. Өзім ойлағандай болмады. Ол мені таңғалдыра алмады. Алғашқы раундтарда оны тексермек болдым. 7 жəне 8-раундта мен басым түстім», — деп жауап берді.

Егер халық қалап жатса, Головкин секілді реванш болғанын қалайтынын айтты.

CompuBox жүйесі Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегінің толық статистикасын ұсынды. Головкин жекпе-жекте 703 соққы жасаған, оның 218-і дөп тиген (31%). 361 джебтің 108-і тиген (29,9 пайыз), қуатты соққылардың (342) 110-ы дөп тиген (32,2%).

«Канело» 505 соққы жасаған, дөп тигізгені – 169 (33,5%). Джебтер бойынша Альварес GGG-ге есе жіберген. 233 джебтің 55-ін (23,6%), қуатты соққыларының (272) 114-ін дөп тигізген (41,9%).

Бокс жұлдыздары болса төрешілер қойған ұпайларға келіспейді. Бірінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы Теренс Кроуфорд ұпайды 118-110 есебімен Сауль Альварестің пайдасына жазған төрешіні жұмыстан босату керегін «Твиттердегі» парақшасына жазды:

«118-110 деген төрешіні мүмкіндігінше тезірек жұмыстан босату керек»

Аса ауыр салмақты бұрынғы абсолютті чемпион Леннокс Льюис болса, бұл жекпе-жекте ешқандай тең бокс болмағанын, Головкин қарсыласын таза жеңгенін айтты.

«Меніңше, бұл жекпе-жектің айқын жеңімпазы — Головкин. Альварестің соңына дейін шыдағаны ұнады. Жалпы, бүгін екеуі де ұтты. Алайда, төрешілер күлкілі шешім шығарды. Екі боксшы да рингтен бастарын көтеріңкі ұстап кете алады. Бірақ мұнда жағдай тең нәтиженің маңайына да жолаған жоқ» деп жазды атақты боксшы «Твиттерде».

Головкиннің бапкері Абель Санчес жеңісті мексикалық Сауль Альвареске берген төреші Аделаиде Бердтің шешіміне қатысты пікірін білдірді.

«Төрешілердің бірі жекпе-жекке келмей тұрып карточкасын толтырып қойған деп ойлаймын. Лас-Вегаста жекпе-жекке төрелік етуді басқаша үйрететін секілді. Алайда Альварес реванш өткізгісі келсе, біз тағы бір тамаша жекпе-жек ұйымдастырамыз», — деді Review Journal-ға берген сұхбатында.

Головкиннің бұрынғы қарсыласы Дэниэл Джейкобс та төрешілер шешіміне қатысты таңданысын жасырмады.

«Жекпе-жек өте қызықты болды, алайда GGG жеңді деп есептеймін. Бокста дененің ірілігі маңызды. «Канело» жақсы шабуылдады, ол жылдамдықты үдете отырып, тамаша соққылар жасады. Көлем мен күш маңызды рөл ойнайтын соңғы раундтарда Головкин оның қарқынына төтеп беріп, жекпе-жекті жалғастырды. Өте тартысты жекпе-жек болды», — деді Джейкобс төрешілер шешім шығарғанға дейін.

Төрешілер шешімі жарияланғаннан кейін Джейкобс қатты таңғалып, аздап қызбалыққа салынды.

«Егер «Канело» тең нәтижеге лайық болды десеңіздер, бұл барып тұрған сандырақ. Ақылға қонбайды. Мен екеуінің кез келгенімен айқасамын, бірақ шынымен де GGG жеңді деп ойлаймын. Төртінші-бесінші раундтардан бастап ол тең нәтиже болатындай ештеңе істеген жоқ. Спортты саясатқа айналдырып жібергенін көріп отырсыздар. Бүгінгі бокстың халі осындай.

Меніңше, Головкин жеңді. Оның джебі дәл болды. Оған жас, әккі және жылдам жігіттің ырғағына ену үшін аздаған уақыт керек болды. Бірақ тең нәтиже – ақылсыздық, жігіттер. Олар жекпе-жекті қайта өткізгісі келіп отыр», — деп Джейкобс GGG-дің Сауль Альвареспен тең түсуіне қатысты ойын айтты.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасындағы мемлекеттік сапары кезінде тікелей эфирден Головкин мен Альварес жекпе-жегін тамашалды. Бокс кеші аяқталған соң ол Геннадий Головкинге жеделхат жолдады.

«Миллиондаған қазақстандықтар саған бір ауыздан қызу қолдау көрсетті. Сен тартысты әрі жанкешті жекпе-жекте айрықша табандылық танытып, қажымас қайрат пен асқан шеберлік көрсеттің. Сенің кәсіпқойлығың, зор қабілетің, қол жеткізген абырой-беделің, ең бастысы – өз ісіңе шексіз адалдығың келешектегі жарқын жеңістеріңнің кепілі бола берсін», – делінген жеделхат соңында боксшыға зор денсаулық пен алдағы белестеріне табыс тіледі.

CBS Sports журналисі Лайл Фитцсиммонстің айтуынша промоутер Том Леффлер Головкиннің келесі кездесуі шамамен желтоқсанда өтетінін мәлімдеді. GGG-дің желтоқсандағы қарсыласы британ Билли Джо Сондерс немесе пуэрторикалық Мигель Котто болуы мүмкін. Ал Сауль Альвареспен реваншты 2018 жылдың мамырында өткізуге мүмкіндік бар. Леффлердің айтуынша, Сондерс Головкинмен кездесуден қыруар ақша табуды көздеп отыр.

Зарина Дияс алғаш рет WTА турнирін жеңді

Қазақстандық Зарина Дияс Japan Women’s Open Tennis турнирінің жеңімпазы атанды. Ол 280 рейтингтік ұпайға ие болып, 43 000 АҚШ долларын жеңіп алды. Бұл – Заринаның WTА турнирлерінде алған алғашқы титулы. Турнир жеңімпазы Әйелдер теннис ассоциациясы жаңарған рейтингісінде 100-орыннан 63-орынға көтерілді.

Зарина алғашқы матчта жапон Мисака Доиды 3:6, 6:1, 6:1 есебімен ұтты. Екінші айналымда қытайлық Чжан Шуайды 6:4, 6:2 есебімен жеңіп, ширек финалда қазақстандық теннисші Юлия Путинцеваға қарсылас атанды. Путинцева 6:4, 1:6, 3:6 есебімен Диясқа жол берді. Жартылай финалда әлемнің 62-ракеткасы америкалық Кристина Макхэйлмен кездесіп, 4:6, 6:0, 3:6 есебімен финалға жолдама алды.

Зарина Дияс Japan Women’s Open Tennis финалында WTА рейтингісінде 171-орында тұрған жапон Мия Катодан 6:2, 7;5 есебімен басым түсіп, Токио турнирін жеңіп алды.

Матч 1 сағат 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Зарина 4 эйс жасады, екі рет доп беруде қателесіп және төрт брейк-пойнтты жеңді. Ал 22 жастағы Като екі қате жіберіп, бір пойнт жасады. Айта кетсек, қос теннисші алғаш рет кездесіп отыр.

Дэвис Кубогы: Қазақстан әлемдік топқа қайта оралды

Теннистен Қазақстан ерлер құрамасы Дэвис Кубогының плей-офф кезеңінен соң әлемнің 16 мықты командасының қатарына бір жылдан соң қайта оралды. Былтырғы маусымда Ресей мен Сербиядан жеңілген ұлттық құрама Азия/Мұхит зонасы тобына түсіп, Қытай құрамасын жеңген болатын. Содан соң 2016 жылғы Дэвис Кубогының жеңімпаздары Аргентинамен плей-оффта қарсылас атанды. Аргентина Астанаға басты жұлдыздары 29 жастағы Хуан Мариин Дель Потросыз келді.

15 қыркүйекте өткен алғашқы матчта Михаил Кукушкин 6:7, 7:6, 6:2, 6:4 есебімен әлемнің 73-ракеткасы Гвидо Пельяны ұтты. Кортқа екінші болып шыққан Дмитрий Попко әлемнің 28-ракеткасы Диего Шварцманнан 6:4, 6:2, 6:2 есебімен ұтылды. Жарыстың екінші күні Қазақстан қоржынына екінші ұпайды Тимур Хабибулин мен Александр Недовесов жұбы салды. Олар Андрес Мольтени мен Массимо Гонсалес жұбымен кездесіп, 5:7, 6:4, 7:5, 6:4 есебімен қарсыластарынан басым түсті. Бұл ойында Михаил Кукушкин мен Александр Недовесов жұбы кортқа шығуы тиіс еді, алайда матч басталар алдында құрамада өзгеріс болып, Тимур Хабибулин Кукушкинді ауыстырды.

Жарыстың соңғы күні Михаил Кукушкин-Диего Шварцман кездесуі Қазақстан-Аргентина арасындағы үшкүндік бәсекелестіктің басты әрі шешуші матчына айналды. Әлемнің 78-ракеткасы ATP рейтингісінде 28-орында тұрған Шварцманды 6:4, 6:4, 7:6 есебімен айқын басымдықпен жеңді. 2 сағат 45 минутқа созылған матчтың нәтижесінде үшінші ұпайды алып келген Кукушкин Қазақстанды Дэвис Кубогының әлемдік тобына шығарды. Плей-офтың соңғы кездесуі өткен жоқ. ESPN хабарлауынша, Гвидо Пельямен қарсылас атанған Дмитрий Попко бұл матчта кортқа шығудан бас тартып, аргентиналықтарға бір ұпай жазылды. Осылайша үш күндік тартысты дода 3:2 есебімен Қазақстан пайдасына шешілді.

Айта кетейік, Қазақстан бұл турнирге 1995 жылдан бастап қатысып келеді, ал әлемдік топқа 2011 жылдан бастап қосылып, алты маусым бойы орнын сақтап келді. Қазақстан құрамасы 2011, 2013, 2014, 2015 жылдары Әлемдік топтың ширек финалына дейін барып, үздік нәтиже көрсетті. Ал Аргентина болса, былтыр финалда Хорватиядан басым түсіп, Дэвис Кубогының жеңімпазы атанды.

Пікір қалдыру