Алматы Люблянда өткен ақылды қалалардың «Smart city-2018» Еуропалық форумында бірінші орын иеленді

0

Алматы Люблянда өткен ақылды қалалардың «Smart city-2018» Еуропалық форумында бірінші орын иеленді. Қазылар алқасы Алматы билігінің көлік жүйесін кешенді реформалау жұмыстарын үздік деп тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

50 ең үздік әлемдік тәжірибелер мен инновациялық жобалардың арасынан финалдық үштікке «Анкара парк» туристік жобасымен Анкара қаласы, «Сава өзеніне тұрғындардың оралуы» бағдарламасымен хорваттардың Загреб қаласы да енді.

Конкурс комитеті Алматының қоғамдық көліктегі табыстың ашықтығын атап өтті.

Сондай-ақ, цифрлық технологияны пайдалану, оның жүйелілігі мен қолжетімділігі, сарапшылар мен бизнестің қатысуы, МЖӘ механизмінің ұтымды қолданылуы, экологияны жақсартуға басымдықтың берілуі сынды басты критерийлер назарға алынды.

Айта кету керек, биыл қалада автобус парктерін жаңарту деңгейі 80% жететін болады. Жеке инвестиция есебінен үшінші буындағы электробустар шығаратын автобус паркі мен зауыт салынды. Электробустарды қала бағыттары бойынша жүргізу мегаполис экологиясына оң әсер етеді.

Елімізде алғаш рет BRT жүйесі іске асты, қоғамдық көлік үшін 110 км арнайы жолақтар жасалды. Қаланың 10 орталық көшесіне біржақты көлік қозғалысы енгізілді. Орбитадан Көкбазарға дейін велодәліз жасақталды. Метроның екі бекетінің құрылысы жүріп жатыр.

Қазіргі кезде Алматыдағы қоғамдық көліктерде барлық транзакциялардың 97 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асуда. GPS-жүйесі арқылы диспетчерлік басқарудың автоматты жүйесі жұмыс істеп тұр. Барлық автобустарға видеокамералар орнатылған, тасымалдаушыларды субсидиялауға қатысты жолаушылардан түсетін шағымдар бойынша айыппұл салу жүйесі қолға алынды.

Көлік жүйесін реформалауда қала басшылығы үздік халықаралық мамандармен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында қоғамдық көлік кеңістігі мен көшелерді модернизациялаумен айналысатын «Gehl architects», «Тұрақты көлік» жобасы бойынша жұмыс істейтін БҰҰ Даму бағдарламасы, көлік қозғалысының кешенді сызбасын жасайтын «A+S Транспроект», «Systra» компаниялары және Алматының шебер-жоспар концепциясын жасауға кіріскен канадалық-америкалық «HATCH» компаниясы бар.

«Smart city» форумы Люблянда 2011 жылдан бастап өтіп келеді. Бұл шара Еуропа мен Азия қалаларымен ынтымақтастықты нығайтуға, «Ақылды қалалар» цифрлық транформациясын бірігіп жүзеге асыруға бағытталған.

Пікір қалдыру