Астанада «Цифрлы экономика» атты Франция-Қазақстан форумы өтті.

0

Астанада Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің және еліміздегі Франция елшілігінің тізе қосуымен, TOTAL компаниясының қолдауымен «Цифрлы экономика» атты Франция-Қазақстан форумы өтті.

 Өнеркәсіпті цифрландыруға арналған форумға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақстандағы Францияның төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, TOTAL компаниясының Қазақстандағы басқарушы директоры Паскаль Бреан қатысты. Сондай-ақ француз кәсіпкерлері мен сарапшылар, еліміздегі мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйым өкілдері жиналды.

Жиынды ашқан Филипп Мартинэ цифрландыру жобалары бойынша франциялық кәсіпорындары Қазақстанда жұмыс істеуге дайын екенін айтты. «Бұл форум — Астанадағы «Цифрлы күздің» маңызды шарасы. Жиын соңғы инновацияларды ескере отырып, басқару, индустрияландыру, білім беру, денсаулық сақтау және қаржы тақырыптарын талқылауға мүмкіндік береді», — деді ол.

«Францияда 2022 жылға дейін барлық әкімшілік құжаттарды толықтай цифрландыру көзделіп отыр. Яғни Франция мен Қазақстанның мақсат-мүдделері бір. Сондықтан цифрлы технологияның түрлі мәселелері талқыланатын бүгінгі форум екі ел үшін де өте маңызды»,  деді Ф.Мартинэ.

Форумда еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Францияның жаңа технологиялар бойынша Еуропадағы көшбасшы мемлекет екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Франция 26 жыл ішінде тығыз және стратегиялық өзара қарым-қатынас орнатты. Жақында ғана екі елдің Мемлекет басшылары Н.Назарбаев пен Э.Макронның кездесуі өтті. Бұл да екіжақты қарым-қатынастың дамуына ерекше серпін береді. Әсіресе, жаңа технологиялар, IT-жобалар саласында экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға болады. Себебі Франция – жаңа технологиялар бойынша Еуропадағы көшбасшы ел», — деді ол.

 Министр өз сөзінде осы саладағы Франциямен ынтымақтастық орнатудың Қазақстан үшін тиімділігіне тоқталды. Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мақсаты жайлы атап өтті. «Өткен жылдың соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына қол қойды. Бұл бағдарлама инновациялық және IT-жобаларды насихаттаудың іргетасы болмақ. Министрлік ең алдымен инфрақұрылым үшін жауап береді, сондықтан сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз», деді Дәурен Абаев.

 Форумда «IDEMIA» компаниясының вице-президенті Изабель Лозон «е-Эстония, Электрондық үкімет іс жүзінде» атты кітапқа қысқаша шолу жасап, цифрлы технологиялардың тиімді тұстарымен бөлісті. Оның аясында ENA мемлекеттік басқару ұлттық мектебінің инновация бойынша өкілі Франсуа Вайнтроп Францияда цифрлы технологияларды енгізу барысында кездескен қиындықтарымен бөлісті.

Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Дарын Тұяқов Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасақтау барысында экономика салаларын цифрландыру, цифрлы мемлекет, Digital silk way, адами капиталды дамыту мен инновациялық экожүйені құру сынды негізгі бес бағытқа басымдық берілген. 2025 жылға дейін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасынан күтіп отырған экономикалық тиімділік 1,7 -2,1 трлн теңге аралығында болуға тиіс. Еңбек өнімділігі тау-кен өндірісі саласында — 38,9 %, қайта өңдеу саласында — 49,8% артады деп күтілуде», деді ол.

Форум цифрлы технологиялардың мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктері, Индустрия 4.0, білім беру мен денсаулық саласындағы бағыттары мен мүмкіндіктері туралы панельдік сессияларға ұласты.

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ

«Егемен Қазақстан»

Пікір қалдыру