Сәдібек Түгел : «Идеология мен эконoмика қатар жүруі керек»

0

Елбасы: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» — деген еді өзінің «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында. Мақаланың түсінген адамға мәні мен маңызы ерекше екені аян. Бұл тұрғыда менің айтарым: дүние жүзінде – 7 миллиард 110 миллион адам өмір сүреді. Соны құрайтын екі мыңнан астам ұлттардың бірі де бірегейі біз — қазақтар.

Әлемде жер көлемінен 233 мемлекеттің ішінде 9 орын алатын жерінің асты да үсті де тұнған байлық — Қазақстан Республикасы. Туған тарихына 5 мың жыл болғандар тек мысырлықтар, римдіктер, гректер жапондықтар, қытайларға ғана емес, біздер қазақтарда тарих тамырын тереңге жайған, келешек ұрпаққа мол, ғажап мұра қалдырған ұлтпыз. Біз кімбіз — дегенде, біз Алтайдан – Атырауға, Алатаудан – Ұлытауға дейінгі ұланғайыр жерді мекендеуші – Ұлы қазақ халқының ұрпағымыз деуіміз қажет. Ал, қазақ болу бір де, нағыз қазақ бола білу – бөлек дүние. Нағыз қазақ бола білу – еліңді, жеріңді сүю, ата – бабаң сияқты бойындағы жаныңды берсең де — жеріңді бермеу, салт – дәстүріңді, туған тіліңді, дініңді, діліңді сақтау деп білем. Ал, өткен ғасырда өмір сүрген нағыз қазақтар туған жерімізді көздің қарашығындай қорғап, салт – дәстүрімізді сақтап, ана тіліміз бен ата дініміздің қаймағын бұзбай кешеден бүгінге аманат етті. Ал, біз болсақ, сол ата – бабалардың салт – дәстүрін, асыл қазынасын одан әрі жалғастырушы ұрпақтардың өкілдеріміз. Өйткені, бәріміз ұлттық құндылықтардың өркендеуіне үлес қосып, өмірімізді соған арнап жүрген жандармыз. Дәл осы тұста халқымыздың соңғы бір жарым мың жылдық тарихына шолу жасайық. Бір жарым мың жылда біздің қазақ үш кезеңді бастан кешіріп, төртінші кезеңді өткізіп отыр. Бірінші кезең: Дәуіріміздің 6 – ғасырынан – 16 ғасыр аралығын қамтиды.Түрік қағанаты, Дешті – Қыпшақ хандығы Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы. Бұл – 11 ғасырға созылған көшпенділердің қалыптасу кезеңі. Екінші кезең: Ресей Империясының қарамағында бодан болған кезіміз. Байтал түгіл — бас қайғы болған заман. Үшінші кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейінгі 74 жыл аралығы. Ұлт руханиятының көлеңкеде дамуы. Төртінші кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 – желтоқсаннан бүгінге дейін аралық. Ең басты құндылығымыз ел тәуелсіздігі. Қазақ үшін қастерлі ұғым. Біз бейбіт өмірді бағалап, азат күнді аялап, тәуелсіз елдің тынысты тірлігі үшін ел болып, тынбай еңбек етуге тиістіміз.Тәуелсіздік ең басты жеңісіміз, ең үлкен құндылығымыз! Ширек ғасыр тәуелсіз мемлекетпіз. Өз жері, өз шекарасы бар әлем мойындаған бірыңғай елміз. Осыған жеткізген жаратушы иеміз Алла тағалаға және «Ұлы Далада» сан ғасыр еркіндік пен егемендікті аңсаған, сол жолда бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерін жауларға бермей арпалысқан ата-бабаларымызға әрқашан басымызды иіп, тағзым етеміз. — Біздің аталарымыз: «Малым жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы. Малсыз болсаң да арсыз болма; әрлі болғанша – арлы бол; арыңды жеме, барыңды же; ар жазасы бар жазадан ауыр; ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы» — деп өмір сүрген, өлмес өсиет қалдырған. Бізде идеология, жастардың ұлттық тәлім-тәрбиесі кемшін соғуда. Оны баю, баю тағы да баю деген ұғымдар басып қалған. Бұл дегеніңіз — алдымен экономика сосын идеология дегеннің салдары деп есептеймін. Менің пікірімше экономика мен идеология қыран құстың екі қанатындай тең болу керек. Бірге жүруі, бірге мәңгі болуы керек. Тек сондай жағдайда ғана ұлт руханияты жоғары деңгейде болады деп есептеймін. Отаншылдық рух қажет. Ар-намысты бәрінен жоғары қоюмыз керек. Ең бастысы –туған Отанымызға адал қызмет істеу деп түсінемін. Осы жол ешкімді адастырмайды. Осыдан тура жиырма үш жыл бұрын, «Біз қайда барамыз?» атты авторлық Бағдарламаның аясында «Қазақтың қызына қырық үйден тыйым» атты үлкен телехабар жасадым. Сонда, капитализация, приватизация,экономика деп ұлттық рухымыздан, ар-ұяттан арылып, күлкімізді жинап ала алмай қалып жүрмелік, Қазақстан екінші «Тайланд» болып кетпесін отандастар!» деп , бүкіл Қазақстанға Үндеу салдым! Оның үстіне , «Лас туризмді елімізге келтірмейік?», «Ар-Абырой дағдарысынан арылайық?», «Арды сақтайық, халқым?», «Біз қайда барамыз?!», «Әсет Исекешевке Ашық хат», «Бауыржан Байбек мырзаға аманат», «Бақытсыз қазақ қыздары. Олар кімдер?», «Ар дағдарысы» атты жан-айқай мақалаларымды газет -журналдарға жарияладым. «25» атты ерекше Бағдарламамды жаздым… – Өкінішке орай, Ар мәселесінде «алдымызды -жар, артымызда- құз» тұр. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып күреспесек құримыз. Бүкіл әлемге масқара болып, жуса кетпейтін кетпейтін жаман атқа ие боламыз. Оны көргеннен, естігеннен өлген артық деп санаймын. Шынында менің бұл тақырыптармен шұғылданып келе жатқаныма тура 23 жылдан асты. 1995 жылы қазақ телевидениесінде «Біз қайда барамыз?» атты бағдарлама жасадым. Сонда «Қазақ қызына қырық үйден тыйым», «Ислам діні және жастар тәрбиесі» атты хабарларды ұйымдастырдым.Жұдырықтың үстіне жұдырық.Шынында қазақ қыздары жат жұрттықтықтарға күйеуге бірінен кейін бірі шығуда. Орта есеппен алғанда, бір жылда тоғыз мыңдай қазақ қыздары шетелге тұрмысқа шығады. Егер осы қалыпта бола берсек, келесі ғасырда қазақ деген ұлт болмайды. Соны түсіну әрі сезіну керек. Осыдан екі жыл бұрын үлкен балдызымның үйіне жаңа құдаларымен бірге қонақта болдым. Сонда бір құдағи: «Қазақтармен қазақтар құда болған сіздер өте бақытты жандарсыздар. Бұны айтып тұрғаным, Алматының мединститутында оқыған апалы-сіңлілі екі қызым менің тілімді алмай , индустарға күйеуге шығып кетті.Бөтеннің аты бөтен болады екен. Қыздарымнан туған индус немере жиендерге жүрегім еміренбейді. Содан бері, көңілім алай-дүлей»-деп көзіне жас алды. Қызықтың көкесін түйе сойғанда көрерсің деген. Оған қосылып Алматыдан келген екінші құдағи жылады. Ал, бұған не болды десек, оның да жаңғыз қызы итальяндық біреуге шығып, елден біржолата кетіп қалыпты. Трагедия деген осы. Айттым ғой, бұл мәселеде жалпы жағдай мәз емес. «Ауруын жасырған өледі»-дейді біздің дана халық. Біздің зерттеуімізде, бүгінгі күні 15 пен 25 аралығындағы қыздармыздың тең жартысы шет елдіктерге тұрмысқа шығуға дайын. Өткен тарихымызды зерделесек, біздің қайтпас-қайсар, ержүрек ата-бабаларымыз бойларындағы жандарын берсе де, ұлтарақтай жерлерімен қатар болашақ қазақтарды әкелетін қыз-келіншектерді жат жұрттықтардан қызғыштай қорғап, сақтаған. Олар қыздарды «Отан-Ана», «Жер-Ана», «Ел-Ана» деп бағалап жауға бермеген, қыз – елдің ырысы мен берекесі, өсуі, дамуы деп білген. Басы ашық мәселе, қыздарымыздың жат жұрттықтарға жаппай күйеуге шығулары, ұлттың өсуіне, демографияға кері әсерін тигізіп отыр. Бір сөзбен айтқанда санымыздың өсіп, сапамыздың артуына тежеуіш болып тұр. 1960 жылдары өзбектер мен қазақтардың саны тең, 10 милионнан болған. Олар қазір, 33 миллионды құрайды. Сауд Араб елінде және басқа да араб мемлекеттерінде қыздарының басқа ұлт өкілдеріне күйеуге шығуларына қатаң шектеу қойылған. Олар арнайы заң қабылдаған. Заңды орындамағандар өлім жазасына кесіледі.– Ар ұғымы бәрін қамтиды. Ар болған жерде жеңісте болады, жетістік те болады. Онда ұлт маңдайын көтеріп жүреді. Ал, арсыздық басқан жерде ұлт бақытсыз болады. Арсыздық белең алған елдің намысы тапталады, сағы сынып, еңсесі түседі, бишара болады. Міне, арсыздық неге әкеледі? «Намысын бермеген қазағым мықты ғой» деп күнде шырқаймыз. Шырылдаған шындықты жеткізер болсақ, біздің қалаларды арсыздық басып алды. Қазір, ұлтымыздың болмысына, мәдениетіне, намысына, тұрмысына өте жат мына құбылыстар: жезөкшелік, гейлер, бір жыныстылар махаббаты, жалаңаштану, жын-ойнақтар , сауна-бордельдер, қонақүй- бордельдер үлкен , кіші шаһарларға толып кетті. Проституция күннен күнге өсуде. Тоқтау жоқ. Қазір елімізде жүз мыңнан астам денесін сатып, ақша тауып, қазақты жарге қаратып жүрген қыздар бар. Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Қызылдорда, Атырау, Орал,Ақтөбе, Ақтау, Қостанай, Қызылжар, Семей, Көкшетау, Өскемен, Павлодар, Талдықорған, Қапшағай, Бурабай және тағы басқа қалаларда проституция мен арды сату өршіп тұр. Сұмдық емес пе. Әсіресе, шет елдіктер жұмыс істейтін аймақтарда жеңіл жүрістілер көп.Қазақ ұлты қайда барады? Дәл қазір елімізде 25 жастан асқан, тұрмыс құрмаған 300 мыңдай «кәрі қыз», 200 мыңдай «сүр бойдақ» өмір сүреді. Оның үстіне жесір қалған мен ажырасқандарды қоссаң, бұл цифрлар екі-үш есеге көбейеді. Бүгінгі күні әрбір 10 некенің 5-еуі ажырасып отыр. Тағы бір сұмдық қазақтың жастарын бедеулік кесепаты жайлап барады.

Сондықтан айтарым, Ар-Намысқа жете көңіл бөліп, идеологиялық жұмыстарға белсене араласуымыз қажет.

 

http://alashainasy.kz

 

Пікір қалдыру