«Көне Тараз» стелласы ашылды

0

Тараз  қаласы күні мерекесіне орай «Темір жол вокзалы аллеясында» салтанатты түрде ашылды.

Тараз  шаһары тарихи оқиғаларға бай. Алғашында Талас, Тараз деп аталған бұл шаһар 1856 жылы  Әулиеата болып өзгертілген. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. 1997 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  Жарлығымен  қалаға өзінің тарихи аты «Тараз» қайтарылды.

Қалаға кіретін бас қақпасының бірі – темір жол вокзалының аумағын ретке келтіру мақсатында, алдындағы скверді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін бұл аумақта қалаға келген қонақтарға ежелгі Тараз өңірінен сыр шертетін көрініс болмаған.

Осыған байланысты, скверде «Көне Тараз» стеласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Стеллаға Тараз қаласының бұрынғы төрт атауы (Тараз, Әулие-Ата, Жамбыл, Талас), тарихи кезеңдерді бейнелейтін (қобыз, домбыра, дәуіт, балбал тас) ұлттық құндылықтар орнатылды.

Скверде 940 шаршы метр жолаяқ төсеніші жасалып, 4 000 шаршы метр жерге  асфальт төсеніші салынды. 20 дана жарық шамдары, 8 дана орындық, 8 қоқыс жәшіктері қойылып, 2 700 шаршы метр алаңға суғару жүйесі орнатылды.

Елбасы мақаласы болашақтың бағдарын айқындады, рухани жаңғыру жолын белгіледі. Ұлттық болмыс пен жаһандану үдерісінің арпалысында қазақ халқының ұлттық танымына арқау болған құндылықтарды игере білу, насихаттау — азаматтық парызымыз екенін басып айтты. Елбасы мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасы осыған үндейді.

Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының ежелден бері жалғасқан салты. Ол — ұлттық санамыздағы аса қастерлі ұғым. Елжандылықтың тамыры кіндік қаны тамған жерді, өскен өлкені сүю, оған құрмет таныта білу. Бұл орайда, туған өлкенің өркендеуіне өздігінен үлес қосып жүрген кәсіпкелер де жоқ емес екені көңіл қуантады.

Фото Азат Дидарбек

Эскиздік жобасы биыл жаңадан құрылған «Сәулеттік бюро» мекемесінің жас архитекторлары тарапынан әзірленді. Жоба бойынша, Сквердің абаттандырылған аумағы – 1 га. Аталған жоба «Айя сервис» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаражаты есебінен (30,0 миллион теңге) Тараз қаласы тұрғындарына «Туған жерге тағзым» жобасы аясында тарту етілді.

Стелланы ашып, лентасын қию құрметі Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдазимов және темір жол саласының ардагері Сағымбек Ақшаловқа бұйырды.

 

                                   Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Пікір қалдыру