Таразда Ауған соғысы ардагерлеріне және Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысушыларға  арналған  ескерткіштер ашылды

0

Тараз қаласының күніне орай «Жеңіс» саябағында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған  ескерткіштің ашылу рәсімі өтті.

Ауған жерінде талай жылдарды от пен оқтың астында өткізген Кеңес әскері  жауынгерлерінің  біз үшін орны бөлек.Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылдарға Жамбыл облысынан  2236 жерлесіміз қатысып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтты. Ал, 71 жас жауынгер әскери қақтығыстар кезінде қаза тапты. Бұл орны толмас өкініш.

«Туған жер» бағдарламасы бойынша ашылған Ауған соғысы ардагерлеріне арналған  ескерткішінің ашылуы от кешкен ардагерлердың абыройын асқақтатып, құрметін арттырады.

Ескерткішті ашу шарасына  Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев және  Қазақстан Республикасының  Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл қатысып, өздерінің орамды ойларын ортаға салды. Бақытбек Смағұл өзінің жүрекжарды отты өлеңін шабыттана оқып берді.

Одан әрі Чернобыль  атом  электр станциясындағы апатты залалсыздандыруға қатысушыларға  арналған  ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. Биыл Чернобыль атом электр станциясында апаттың орын алғанына 32 жыл толып отыр. Дүние жүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың зардабын жоюға  800 мыңдай адам қатысса, оның 32 мыңы қазақстандық еді.

Чернобыльдегі радиактивті түтін 10-нан аса мемлекеттің 200 мың шаршы жерін ластады, 5 миллионға жуық адам оның зардабын шекті. Жарылыс сол аумаққа  бір мезгілде  100 атом бомбасы тасталғандай болды.

 

ХХ ғасырдағы ең ауыр техногендік апатын ауыздықтауға Жамбыл облысынан 1200 жерлестеріміз  қатысты. Олар өз денсаулығы мен өмірін құрбан ете отырып, радиацияның таралуына жол бермеуге ат салысты. Бейбіт күндегі ерлеріміздің ерен ерліктері мен өнегелі істері бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге. Өткенді ұмытпау – оларға құрмет көрсету бүгінгілердің парызы, борышы. Бұл ескерткіш сол борышты орындаудын бір көрінісі десек қателеспейміз.

Бұл ескерткіш саябақтың көркің арттырып қана қоймай, мән-маңызын да еселей түспек. Чернобыль атом электр станциясындағы апатты залалсыздандыруға қатысушыларға арналған  ескерткішті ашуға Қазақстан Республикасы Чернобль ардагерлері және мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев және Жамбыл облыстық Чернобль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин қатысты.

 

 

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір қалдыру