ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВТІҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШІ БОЙ КӨТЕРДІ

0

Патриоттық тәрбиені бірінші кезекке қоятын аға ұрпақ өкілдері тұрғанда келешекте де Тәуелсіздіктің символы болған Қайрат Рысқұлбековке арналған шаралар Жамбыл облысында жалғасын табуда.

Тараз қаласы күніне орай Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта халық қаһарманы Қ.Рысқұлбековтың ескерткіші бой көтерді. Ескерткіштің ашылу рәсімінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұрат Бердалиев, Қайрат Рысқұлбековтың әпкесі Гүлнар Рысқұлбекова сөз сөйлеп, халық батырының Тәуелсіздік жолындағы ерлігі ел жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз екенін айтты. Жамбыл облысы әкімінің бастамасымен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстары 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасына қатысушыларға деген құрмет көрсету және Тәуелсіздік жолын өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, олардың Отанға деген патриоттық сезімдерін күшейту мақсатында қолға алынған болатын.

Саябақта бірқатар жаңа нысандар салынып, ескіргендеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Саябақтың эскиздік жобасы «Табыс Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан әзірленген. Жобаның жалпы сметалық құны – 403,9 миллион теңгені құрайды. Жалпы аумағы – 6,5 га.Саябақтың бұрынғы жобасында Қайрат Рысқұлбековтың тек бюсті ғана болған. Оның орнына халық батырының толық ескерткіші орнатылды. (постаменттің биіктігі 2,2 м; ескерткіштің биіктігі 2,8 м).

Қайрат Рысқұлбеков саябағында «Тәуелсіздік ұшқыны» стелласы орнатылып, аллеясы да ашылды. Аталған архитектуралық элементтің ені – 4,4 метрді, биіктігі – 4,6 метрді құрайды. Ондағы алау оты жалындаған жастардың тәуелсіздікке деген ұмтылысын, ерік-жігерін білдіреді. Идеялық мазмұны – қазақ жастарының азаматтық намысы мен жігерінен бастау алған қозғалыстың нәтижесінде Тәуелсіз ел құрылғанын бейнелеу.

Стелланың ашылуында Тараз қалалық қоғамдық Кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатов, «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Санат Қонарбаев сөз сөйлеп, шаһар шырайын келтіретін мұндай мағыналы архитектуралық элементтің өскелең ұрпақ санасына оң әсер етерін айтты.

 

Пікір қалдыру