Күннен-күнге көркейген Тараз (ВИДЕО)

0

Осыдан 16 жыл бұрын көне шаһардың 2000 жылдығы аталып өткен еді. Содан бері де қала айтарлықтай ажарлана түсті. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында облыста біраз шаруаның басы қайырылды.

Бүгінгі мерекеде кең құлашпен тойлануда. 20 нысан ашылып, ел игілігіне берілді. Тарихтың алтын діңгегі Таразға 2016 жыл толды. Мейрам Жамбыл Жабаевтың ескерткішінің ашылуынан басталды. Жыр алыбының мүсіні бұрынғы орнынан қаланың қақ ортасындағы облыс әкімдігінің алдына ауыстырылды. Көптен бері жөндеу көрмеген Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ қайта жаңғыртылып, аумағынан «Тәуелсіздік ұшқыны» алаңшасы, тұрғындар бір мезгіл қымыз ішіп, бой жазатын ғибрат орталығы сияқты 7 бірдей жаңа нысан бой көтерді. Ал батыр Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші жаңартылып, халыққа мерекелік тарту ретінде ұсынылды.

– Бала-шаға мәз. Бүгінгі күн тамаша. Елдің бәрі сондай көңілді. Көтеріңкі көңілмен жүр. – Қаламыздың көркейіп жатқанына қуаныштымын. Көркейе берсін. – Қаламыз күннен күнге көркейіп келе жатыр. Жастарға демалатын орын бар. Ризашылығымызды білдіреміз.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өскен. 2000 жылдары қала тұрғындарының саны 300 мың адам болса, бүгінде 400 мыңға жуықтайды. Сол кезде 6 миллиард теңгені құраған бюджет бүгінде 54 миллиард теңгеден асады. Кезінде жалпы саны 3 мың кәсіпорын болса, бүгінде 7 мыңнан асып отыр. Осы өнеркәсіп орындары шығарып жатқан өнім көлемі 10 есеге дейін артты. Ал шаһар сәулеті әлі де өзгереді.

Олжас Көпжасаров, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Қазіргі Шахристан базарының орнын этно-мәдени орталыққа айналдыру жоспарланып отыр. Қолөнершілер шеберханасы. 800 көрерменге арналған амфитеатр. Және биіктігі 40 метрді құрайтын сағат стелласы, Тектұрмас тарихи кешені мен осы Шахристан этно-мәдени орталығын байланыстыратын ұзындығы 2 шақырымды құрайтын аспалы жол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Желтоқсан толқыны» деп аталатын субұрқақ іске қосылды. Ұзындығы 220 метрлік нысанның қабырғаларына Тәуелсіздік символдары «Барыс», «Бүркіт», «Пырақ» мүсіндері орнатылған. Сонымен қатар 12 ақылды орындықтар қойылды. WI-FI желісі орнатылып таза ауада кітап оқуға құмар тұрғындарға жағдай жасалып отыр. Бұдан бөлек, Жеңіс саябағын жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі аяқталды. Онда Тыл еңбеккерлері, Ауған соғысының ардагерлері, «Чернобль» атом электрстансасының зардабын жоюға қатысушыларға арналған ескерткіш қойылды. Руслан Бақытбекұлы, тілші

– Үшбұлақ каналының арнасы кеңейтіліп, жағасына веложол түсті. Маңайында спортпен шұғылданып, бір мезгіл таза ауамен тыныстап, демалуға арналған орындар пайда болды. Жасыратын несі бар. Кезінде көпірмен өтудің өзі қорқынышты еді. Тұрғындар мен оқушылар орталыққа шығатын жолдан жандарын шүберекке түйіп өтетін. Енді айнала жап-жарық, көрінісі көз тартады. Тіпті осы суға алғаш рет махаббаттың символы – аққу да жіберілді.

 

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/274061-tarazda-ala-k-ni-arsa-ynda-20-nysan-el-igiligine-berildi

 

Пікір қалдыру