Жамбыл облысында 103 су айдыны болашағы бар әрі балық өсіруге қолайлы деп табылды

0

Еліміздегі балық шаруашылығы жыл өткен сайын дамып келе жатса да, мемлекет тарапынан қолдау қажет етеді. Балық шаруашылығы және оның дамуы Қазақстан үшін маңызы жоғары. Біріншіден, еліміз «тоғызыншы территория» теңіздер мен мұхиттарға шыға алмайды. Екіншіден, біздегі балық еті елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, балық экспорттайтын шаруашылықтар бүгінде 3 миллион гектар жерді пайдаланады екен. Үшіншіден, балық еті – адам денсаулығына пайдалы, одан жасалатын өнімнен де түсім мол.

Бүгін облыс әкімдігінде өңірдегі өзен-көлдер мен су айдындарында балық шаруашылығын дамыту бойынша жиын өтті.  Онда күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша  облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов  баяндама жасады.

 Жамбыл облысы аумағында өзен-көлдер мен су айдындарының айтарлықтай қоры бар десек, басқарма басшысы өздерінің тарапынан  115 ірі су айдындарына тескеру жүргізгенін жеткізді.   Нәтижесінде 103 су айдыны болашағы бар әрі балық өсіруге қолайлы деп табылған.

Айта кетейік,   басқосуға 20-дан астам  көл пайдаланушылар қатысты. Олар Асқар Исабекұлына өздерінің жұмыс барысы  туралы, иеліктеріндегі су айдындарының хал-ахуалы жайлы айтып берді. Өңір басшысы алдағы уақытта  олармен  жаңа тәртіп бойынша, келісім-шарт негізінде жұмыс жүргізілетінін жеткізді.  Осылайша су айдындарына түрлі жолдармен иелік етіп келген, бірақ бүгінде ешқандай балық өсіру секілді пайдалы іспен айналыспай отырғандарды анықтап, ретке келтіру шаралары қолға алынбақ. Бұл орайда өзен — көлдердегі жағдайды, онда жіберілетін балық тұқымына дейін облыстық аталмыш басқарма барлау жүргізіп отыратын болады.

 Өңірімізде жыл сайын шамамен 3880 тонна балық тұтынылатын болса, оның  2465 тоннасы басқа облыстардан импортталады.  Жиын соңында облыс басшысы балық шаруашылығын дамытамын деуші азаматтарға 6-пайызбен 12 миллион теңгеге дейін несие беру жағын қарастыруды да айтты. Бұл бастама жеке кәсіпкерлердің де көңілінен шығуда.

Асқар Исабекұлы күн тәртібіндегі және жиында көтерілген мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар  берді.

 

 

Пікір қалдыру