Жамбыл облысындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасы бойынша жиын өтті

0

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдар ұсынған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауда мемлекетіміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру міндеттері баяндалған. Еліміздің индустриялық-инно­вациялық дамуы, қаржы-инвестициялық саясат, білім беру, денсаулық сақ­тау, халық­ты әлеуметтік қор­ғау мәсе­ле­­лерін қа­м­­тыған биыл­ғы Жол­дауда цифр­лық тех­ноло­гия­ларға негіз­дел­ген бола­шағы зор бағыттарға жә­­не эконо­ми­­каның аграрлық сала­сына айрықша мән берілген.

Жамбыл облысындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасы бойынша облыс әкімі Асқар Мырзахметов тиісті басқармаларға саладағы негізгі бағыттар бойынша қолға алынатын жұмыс жоспарын құруды тапсырған болатын.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтың айтуынша, қазір әрбір бағыт бойынша арнайы карта жасалыпты. Болжам бойынша, аймақтағы агроөнеркәсіп кешеніне салынатын инвестиция көлемі 2022 жылға дейін 2,3 есеге көбейеді. Егістік жерлердің көлемін 2021 жылға дейін 175 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Алайда, қазірге дейін аудандардан суармалы және жалпы жер бойынша мәлімет әлі күнге дейін берілмеген. Асқар Мырзахметов, басқарма басшысына осы жерге байланысты мәліметтің нақты форматын бекітіп, аудан әкімдерінен сол құжат бойынша талап етуді тапсырды. Көктемгі дала жұмыстарына дейін қанша жердің айналымға қосылатындығы жайында нақты мәліметті анықтап алған маңызды.

Жерді игеруге, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жерге деген сұранысы қаншалықты, осыларды зерделеп, тиісті жоспарды осы 3 айда жасау керек. Бас агрардың айтуынша, алдағы жылы небәрі 12 мың гектар жер игерілмек, бірақ бұл көрсеткіш тым аз, оның көлемін ұлғайтуға барынша күш салу қажет. Мұндай талап майлы дақылдар мен қант қызылшасы өндірісіне де қойылып отыр. Біздің өңірде майлы дақылдар өндірісінің қуаттылығы небәрі отыз пайыз. Оны кем дегенде екі есеге көбейту қажет. Сонымен қатар, алдағы жылдары аймақтағы интенсивті бау өсіріп, жылыжай салу ісін жандандыруға да баса мән берілуі керек. Жамбыл облысы алма өсіруге қолайлы аймақ бола тұра, бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. 9 жылдағы жоспар 9000 гектар ғана. Аталған мәселелерді шешу жолдары қандай? Басқармаға картаны қайта қарап, бір апта көлемінде нақты жұмыс жоспарын түзу міндеттелді.

Пікір қалдыру