Асқар Мырзахметов «Қара алма» тау шаңғы базасының құрылысымен танысты.

0

Қазақстан Республикасында туризмді дамыту үшін барлық қажетті, мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар бар. Осыған байланысты Үкімет өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялады.

Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық үдемелі дамуы Бағдарламасында Қазақстанда туризмді дамытуға бөлек тармақ арналған. Бағдарламаның мақсаттарына сәйкес, мемлекет өзінің іскер серіктестерімен бірлесіп мемлекеттің барлық облыстарында туристік инфрақұрылымды жетілдіру және құрылысын жүргізуді жүзеге асыратыны нақты айтылған. Еліміздің табиғаты тау шаңғысымен айналысуға барлық мүмкіндіктерді ұсынады. Бұл салада ол әлемдегі барлық биік таулы мемлекеттермен бәсекелесе де алады.

Осы бағытта бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қара алма» тау шаңғы базасының құрылысымен танысты. Бүгінде тау шаңғы базасының құрылыс жұмыстары 60 пайызы аяқталған. Қонақ үй-котедждері, туристерге қызмет көрсету сервистік кешенінің құрылысы салынуда. Сондай-ақ, жеті шақырымдық жол салынып, инфрақұрылым тарту жұмыстары қызу жүргізілуде. Керек құрал-жабдықтардың дені жеткізілген. Құрылыс басындағы жұмысшылар ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, күн-түн демей білек-сыбана еңбектенуде.

Айта кету керек, мұнда демалыс кешенінде қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алады. Жаз мезгілдерінде саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп күтілуде. Жалпы, нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард теңге. Туристік нысан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан 7 шақырым қашықтықта, Алатау тауының баурайында теңіз деңгейінен 1 600 метр биіктікте бой көтеруде. Сонымен қатар, Алатау тауының ұшар басынан кешенге дейін 2 500 метр сырғанау жолағы түседі екен. Аспалы жолдың құрылысы да жүзеге асырылуда. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген. Асқар Исабекұлы жауаптыларға мұндағы барлық жұмыстарды сапалы әрі жоспар бойынша уақытылы аяқтауды жүктеп, аспалы жолды монтаждау, орнату шараларын мерзімінен кешіктермей атқару керектігін тапсырды.

Пікір қалдыру