“Бәсекеге қабілетті жастар-жарқын болашақ кепілі” атты өңірлік жастар форумы өтті

0

Жамбыл облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында “Бәсекеге қабілетті жастар-жарқын болашақ кепілі” атты өңірлік жастар форумы өтті.

Іс-шараның мақсаты мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жастармен және жастар ұйымдарымен қарым қатынасын, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, жастар саясатын іске асыру мәселелерін талқылау, жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу болды.

Аталған шараға жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен өңірідегі мемлекеттік жастар саясатының нәтижелі жүргізілуіне үлес қосып жүрген жастардан құралған 500-ге жуық делегаттар мен қонақтар қатысты.

Пленарлық отырысқа Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, “Нұр Отан” партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы “Жас Отан” Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек, “Жастар” ғылыми- зерттеу орталығы аймақтық дамыту және үйлестіру басқармасының басшысы Луиза Узарова, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров қатысты.

«Келесі жылды жастар жылы деп жариялап, іс-шаралар өткізу керек, оған біздің тәжірибеміз бар. Жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек — президент.

– Өздеріңіз білесіздер келесі жыл “Жастар жылы” болып бекітілді. Осы орайда түрлі сұрақтар ойды мазалайды. XXI ғасыр жастарының бойында қандай құндылықтар болу керек? Қоғам қандай жастарды талап етеді? Бұл сұрақтарға жауап – білімді жастар. Тағы көтере кететін мәселе 11 жыл бойы мектепте оқыған бала қай маман иесі болатынын білмейді. Оның шешімі ретінде жастар ұйымы 10-11 сыныптар арасында мамандық таңдау аясындағы жұмысты күшейту керекпіз, – деп өз ұсынысын ортаға салды Уалихан Болатбек.

Жиын соңында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосып жүрген бірқатар белсенді жастарға “Алғыс хаттар” табыс етілді.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында басқарманың ұйымдасыруымен өткен Жамбыл облысы жастарының үздік инновациялық, ғылыми және бизнес стартап жобаларына облыс әкімінің сыйақысын тағайындау жөніндегі байқау, “Made in Taraz”, “Жас ғалым – 2018”, “Жас кәсіпкер: жыл таңдауы – 2018” облыстық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Пікір қалдыру