«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Күмбірле күйім, елімде!» атты шығармашылық кеш өтті

0

«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы.

Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сенім­мен бет алуын қалаймын.»

Н. Назарбаев

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, күйшілік өнердегі өзіндік қолтаңбасын таныту, рухани қазынамызға айналған шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында,  Жамбыл облысы әкімдігі қолдауымен «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Күмбірле күйім, елімде!» атты шығармашылық кеші өтті.

Әбдімомын Желдібаев Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны бітіріп, өзі туып-өскен өңірдің мәдени-рухани өміріне араласып, дәстүрлі музыкалық мәдениеттің бүгінгі өмірмен сабақтасуына табандылықпен еңбек сіңірген республикаға танымал қайраткер. Бүгінгі күні осы дәрежеге жетіп отырған күйші елдің мейіріміне бөлене жүріп, туып-өскен Шу жерінен алыстамай өнер әлемінде өзін танытып, туған жерін даңққа бөлеп келеді.

Кеште Мұхтарбай Рахманқұлов пен Адай Жұматтың дирижерлік етуімен К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, автордың «Тұран елі» күйімен шымылдық ашылды.

Сондай-ақ, күйші-композитордың «Әулиеата», «Бозжігіт», «Төле би толғауы», «Көкшолақ», «Толғау», «Жетісу сазы», «Өмір-дастан», «Әділхан», «Ыдырыс», «Самғау», «Нұрсұлтан» поэмасы, «Шабыт», «Жарылқап батыр» сынды көптеген күйлері көрерменге ұсынылды.

Кеш соңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың Ықылас гүлі табысталды. Әуезді де, толғанысты концерттен Әулиеата жұртшылығы үлкен әсер алып, шексіз алғыстарын білдірді.

Пікір қалдыру