Жастар жылында құндылықтарға аса мән беру керек

0

«Жастардың барлық санатын қолдауға арналған әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынамын»- деді Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп бекітті. Осыған орай, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Бәсекеге қабілетті жастар – жарқын болашақ кепілі» атты өңірлік жастар форумы өтті. Онда әр сала спикерлері жастар арасындағы өзекті мәселелер жайында жан-жақты пікір алмасты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек Елбасы еншілеп берген Жастар жылында құндылықтарға баса мән беру керектігін сөз етіп, қазақстандық жас кім деген сұрақтарға жауап іздеу қажеттігін жеткізді.

 Бүгінгі қоғамға бәсекеге қабілетті жастар қажет. Қазіргі таңда туындап жатқан проблемалардың барлығы осы білімсіздіктен шығып жатыр. Білімді жастың тасада қалмайтындығы белгілі. Сонымен бірге, келер жылы оқушылармен жұмысты күшейту керек-ақ. Өйткені, мектептің жоғары сынып оқушылары қоғамға қандай маман қажет екенін білмейді. Осылайша, мамандық таңдауда жаңылысып, жұмыссыздар қатарын көбейтуде. Жасыратыны жоқ, жастар кез келген нәрсеге оңай жетуге талпынады. Бұл қате пікір. Сондықтан, жастарды белгілі бір жетістікке жеткен тұлғалармен кездестіріп, олардың жүріп өткен жолдарын үлгі ету қажет. Тағы бір айта кететін жайт, жастар тарихты білмей жатады. Шет елге қазақ екенімізді танытатын ұлттық дәстүрлеріміз, ұлттық аспап, ұлттық тағам, міне, осының барлығын біз, алдымен өзіміз үйренуіміз керек. Қарапайым мысал келтірейін. Белгілі саясаткер шет елдің атақты оқу орнының студенттерімен кездесіп, біздің елді білесіңдер ме? – депті. Сонда әркім білгенін айтып, жан-жақтан шулапты. Сонда ішінен бір студент тұрып «Ұлттық ойындарыңыз қандай?» – десе, «Көкпар» депті. «Ал соңғы көкпар ойыны қашан және қай жерде болып, қай команда жеңіске жетті? Ең атақты жылқы қайсысы? Ұлттық аспаптарыңыз – домбыра, ал сіз сол аспапта ойнап беріңізші?» депті. Домбыраны қолына алып көрмеген, көкпар ойынын тамашаламаған саясаткер ұялғанынан кірерге «тесік» таппапты. Міне, біз жастарды неге үйретуіміз керек. Ақыл айтып, ауыз толтырып сөйлеу ең оңайы. Жастар жылында біз өз мүмкіндігімізді қалт жібермеуіміз керек. Үйреншікті іс-шара ұйымдастырудан қашып, жаңаша форматта, елге, жастарға пайдасы бар тың дүниелерді бүгіннен ойлауымыз қажет. Бұл тұрғыда Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Осы мақала аясында әрбір жас өзі туып өскен жерінің тарихын тереңірек білсе, – дейді У.Болатбек.

Өз кезегінде Лондон олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров спортпен шұғылданатындардың дені жастар болғандықтан, Жастар жылында оларға бірқатар жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезіне білу керектігін баса айтты. Ал «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы аймақтық дамыту және үйлестіру басқармасының басшысы Луиза Узарова Елбасының Жастар жылы деуі – олардың қоғамдағы алатын орнын нақты анықтау үшін жасалынып отырған қадам екенін айтты.

Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына қатысты қозғалған мәселелер хаттамаланып, тиісті шешімдер шығарылған шарада форум қатысушыларының облыс жастарының үндеуі қабылданды.

Пікір қалдыру