«Салауатты жастар – Тәуелсіз ел тірегі!»

0

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған өңірлік жастар форумы өз жұмысын «Қоғамдық келісім» КММ-де бастады. Онда әр сала спикерлері жастар арасындағы өзекті мәселелер жайында жан-жақты пікір алмасты. Секциялық жұмыстар өңіріміздегі мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына қатысты «Қазақстан жастары – білімнен инновацияға дейін», «Жастар кәсіпкерлігі – экономикадағы стратегиялық ресурс», «Жастарды жұмыспен қамту – әлеуметтік-экономикалық дамудың кілті», «Салауатты жастар – Тәуелсіз ел тірегі!» секілді арнайы тақырыптар бойынша өрбіп, шешілу жолдары жан-жақты талқыланды. Мәселен, «Қазақстан жастары – білімнен инновацияға дейін» атты секция жұмысында ХХІ ғасыр – білім ғасыры екендігі баса назарға алынып, жастардың білім алуы, бәсекелестікке жауап бере алуы нақты айтылып, жаңа білім алу жүйесі бойынша оқыту мәселесі көтерілді. Ал «Жастар кәсіпкерлігі – экономикадағы стратегиялық ресурс» секциясында сала мамандары жастарға кәсіпкерлік туралы мәліметтер келтіріп, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан көмектерді баяндады. Өз кезегінде қатысушылар тарапынан түрлі ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, олар кәсібін ашамын деген жастар үшін несие рәсімдегенде кепіл қою мәселесін жеңілдету мен ағымдағы жылы аймақта іске асырылып жатқан «Жас Прожект» жобасын келесі жылы да жалғастыру туралы пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, жастар саясатына қаржы қарастырғанда аймақтағы жастардың санына қарап барып, бөлу туралы да ұтымды ұсыныстары көптің талқысына түсті.

Форумның  пленарлық отырысы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бас ғимаратында өтіп, оны облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен жүргізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы аймақтық дамыту және үйлестіру басқармасының басшысы Луиза Узарова, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, облыстық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Уәлихан Болатбек спикер ретінде өз ойларын ортаға салды. Еркін форматта өткен форумның екінші бөлігіне әр өңірден жиналған 500-ге жуық жас қатысты. Алдымен басқарма басшысы Мәди Мәтен жиналған көпшілікті келер жылы аталып өтілетін Жастар жылымен құттықтап, форум мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде іске асыру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың жастармен және жастар ұйымдарымен диалогын, өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, жастар саясатын іске асыру мәселелерін талқылау, жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Мұнан соң, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Парида Мамедова баяндама жасап, қазіргі таңда адами капитал инвестицияларының аясы кеңейіп жатқандығын тілге тиек етіп, тұлғаға капитал салу маңызды екендігін жеткізді.

– Адами капитал – тұлғаның білім беру, әлеуметтік ресурсы және оның мәдени әлеуеті екен. Бұл орайда, басты тасымалдаушы күш жастар болып табылады. Жастар – білім беру, өзін-өзі тәрбиелеу, практикалық іс-әрекеттерге, мотивацияға, ақпаратты қабылдау мен қалыптастыруға үйретілген құнды ресурстар жиынтығы ретінде әрекет етеді. Сондықтан, біз, қоғамның басты қозғаушы күші болып табылатын жастарды дұрыс тәрбиелеп, тиімді бағыт-бағдар беруіміз қажет. Бүгінде жастарға қатысты үлкен мәселенің бірі – мамандық таңдау ісі. Бұл тұрғыда олар көп қиындықтарға ұшырайды. Оның себебі, бүкіл әлемде айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Сондықтан, оларды осы бағытта ақпараттандырып отыруымыз қажет, – деді П.Мамедова.

 – Расында, бұл жыл жастардың ел дамуына елеулі ықпал ете алатындығын дәлелдеуге беріліп отырған мүмкіндік. Сондықтан, олар өз мүмкіндіктерін пайдаланса, Үкімет жастардың адами потенциалдарын қолдап, жұмыстарын одан сайын жүйелендіре беруі тиіс. Мысалы, 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияланып, өңірлерде «Достық» үйлері салынған болатын. Сол секілді келер жылы «Жастар» үйлері бой көтеретініне сенім мол. Сондай-ақ, Жастар жылын өткізу бойынша әртүрлі жобалар ұсынылып жатыр. Бүгінгі күні мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында» атты жол картасының жобасы әзірленуде. Оның ішінде, 11 бағыт бойынша ұсыныстар берілген. Атап айтқанда, жастар үшін инфраструктура құру, сапалы білім алу, салауатты өмір салтын нығайту, жұмыспен қамтуға жағдай жасау, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау, қол жетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, патриоттық сезімді нығайту, дарынды жастарды қолдау, жастар үкіметтік емес ұйым жұмыстарын дамыту және жастар бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту. Алдағы уақытта осы мәселелер баса назарға алынатын болады, – деген Луиза Узарова, қаңтар айында Жастар жылы Елбасының қатысуымен салтанатты түрде ашылатынын хабарлады.

 Келелі жиында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Мемлекет басшысы қашанда жастарға ерекше сенім арта отырып, олардың жағдайын жасауға баса назар аударып келе жатқандығын алға тартып, Президенттің жыл сайынғы Жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты болуы, кез келген мемлекеттік маңызы бар стратегиялар мен мақалаларында, сөздерінде әр кез өскелең ұрпақты тілге тиек етуі — соның айқын дәлелі екенін жеткізді.

– Кезекті Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп белгілеу – Елбасының жастарға деген қамқорлығының көрінісі. Жастардың болашағын ойламаған мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр екені даусыз. Сондықтан, Елбасы осыған баса назар аударып отыр. Осы жылы жастарға қатысты түйткілді мәселелердің шешімі табылуы тиіс. Облысымызда жастар аймақ халқының 21 пайызын құрайды. Бұл үлкен күш. Сол себептен еліміздегі қандай да бір бастаманың басында жастардың жүруі заңдылық. Жолдаудың мақсат-міндетін жіті түсініп, сол бағытта жұмыс атқару қажет. Ол үшін әрине бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру керек. Елді мекендегі жұмыссыз жастармен жұмыс жасау қажет. Жұмысты жүйелеу үшін ауыл жастарын ояту керек. Олардың қызығушылығын тудыратын, жастардың өзіне пайдасы бар түрлі мемлекеттік бағдарламаларды насихат,тауымыз керек. Берілген мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін жүйелі, жоспарлы жұмыс жасау міндетіміз, – деген Мұратхан Жүнісәліұлы облыстағы мемлекеттік жастар саясатының дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар жастарды Алғыс хаттармен марапаттады.

Форум соңында қазан-қараша айларында басқарманың ұйымдастыруымен өткен Жамбыл облысы жастарының үздік инновациялық, ғылыми және бизнес стартап жобаларына облыс әкімінің сыйақысын тағайындау жөніндегі «Made in Taraz», «Жас ғалым – 2018», «Жас кәсіпкер: жыл таңдауы – 2018» облыстық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Сонымен қатар, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген жастарға ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының Алғыс хаттары табыс етілді.

http://z-taraz.kz

Пікір қалдыру