Таразда «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру кеңсесі ашылды

0

Мемлекет басшысының  Жолдауында  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен «7-20-25» бағдарламасын одан әрі өзектендіріп, жалғастыру жөнінде тапсырмалар берді. Әсіресе қалалық жерлерде азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету – үлкен мәселелердің бірі. Жылдан-жылға халық саны да өсіп келеді. Оның үстіне қалаларға көшіп келушілер де көп. Сол себепті баспанаға деген қажеттілік те арта түсуде. Сондықтан қазақстандықтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге айрықша назар аударылып, осы мәселелерді шешу жүйелі түрде қолға алынуы шарт.

Тараз қаласында «Халық», «Центркредит», «Еуразия»,  «Цесна», «АТФ»,  «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» және «Форте» Банктердің өкілдерінің тұрақты түрде «7-20-25» бағдарламаға қатысушы қала тұрғындарына кеңестер беріп, жеңілдіктер туралы хабардар етпек.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров: «Елбасы ұсынған «7-20-25» бағдарламасын облыс көлемінде, оның ішінде бірінші кезекте Тараз қаласында қарқынды түрде жүзеге асыру үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен орталықтандырылған түсіндіру кеңсесін ашып отырмыз. Қазіргі таңда 42 адам дәл осы кеңседе өз пәтерлерін таңдап, екінші деңгейлі банктерге қажетті құжаттарын әзірлеуде. Жалпы бұл кеңсені ашудағы басты мақсат – облыс, қала тұрғындарына «7-20-25» бағдарламасының шарттарын, жеңілдіктерін түсіндіріп, бір жерден хабардар ету. Тұрғындар ендігі жерде ешбір делдалсыз жергілікті атқарушы билік және екінші деңгейлі банк арқылы пәтерлерін рәсімдей алады» – деді.

Тұрғын үй кезегінде тұрған 16500 адамның 300-і аталған бағдарламаға қатысуға құжаттарын тапсырған. Тараздықтарға «Арай» мөлтек ауданынан 101 және «Бәйтерек девелопмент» тұрғызған 34 пәтер ұсынылуда. Жақын болашақта да 15-ші шағын аудандағы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 800 пәтер 559-ы қолдануға берілмек.

Нұрлан Махамбетұлы- Ұлттық банктың облыстағы филиалы директорының орынбасары: «Биылғы жылдың наурыз айында Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялап, алғашқы бастамада көрсетілген «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды Ұлттық банкке жүктеген болатын. Үстіміздегі жылдың маусым айында бұл бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынып, 7 банкпен келісім шартқа отырған «Баспана» компаниясы құрылды. Бүгінде біздің өңірімізде екінші деңгейлі 6 банк жұмыс істейді. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында қаламызда ашылған орталықтандырылған түсіндіру кеңсесі арқылы тұрғындар тұрғын үй туралы ақпаратқа қол жеткізіп, екінші деңгейлі банк өкілдерінің ақыл-кеңестерін тыңдай алады. Кеңседе екінші деңгейлі банктердің өкілдері дүйсенбіден сенбіге дейін тұрғындарға қызмет көрсетуге дайын. Жақын күндері «Арай» және 15-ші мөлтек аудандарында «Нұрлы жер» бағдарламасымен бой көтерген тұрғын үйлер пайдалануға берілмек. Сондай-ақ жеке меншік үйлер бар. Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындарға қойылатын басты талаптар: Қазақстан азаматтығының болуы, ипотекалық заемдары мен жеке меншік үйінің болмауы және тұрақты табысының болуы. Міне, осы талаптарды орындаған жағдайда банктерге барып, өз мүмкіндіктерін білуге болады. Жуық арада «Баспана» акционерлік қоғамы жаңа жобаны қолға алды. Аталған жоба арқылы тұрғындар ендігі жерде бағдарламаға қатысуға мүмкіндіктері бар-жоғын біле алады. Ал тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі жоқ жас отбасылар жақындары арқылы баспананы иемденбек» – деді.

 

Пікір қалдыру