Жуалы ауданында медициналық нысандар ашылды

0

«Қазіргі таңда әлемде, оның ішінде денсаулық сақтауда  инновациялық технологиялар тез дамуда. Заманауи технологиялар халыққа медициналық қызмет көрсету үлгілерін өзгертеді. Барлық өзгерістерге біз дер кезінде назар аударуға тиіспіз және азаматтардың қолжетімді және сапалы медициналық көмекке құқықтарын қамтамасыз етуге тиіспіз. Мұның барлығы бірінші кезекте заңнамалық актілерде көрсетілуі тиіс.  Соған байланысты,  денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру үшін Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Үкіметке «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырған-ды. Осы бағытта  Жуалы ауданы Қошқарата ауылында 15 келушіге арналған заманауи дәрігерлік амбулатория ғимараты ашылды

 Құрылысын «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС жүргізген. Ауылдың орталық көшесінің бойынан орын алған денсаулық сақтау нысанын іске қосуға келген аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа ғимараттың салтаннатты ашылуына қатысты.

Сондай-ақ, жиынға арнайы келген аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев, дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Сұлтанмұрат Шерметов халықтың денсаулығын нығайту бағытында жасап отырған көмек-қолдауына ризашылығын білдіріп, ақ халатты абзал жандардың ел игілігі үшін жасап жатқан жұмысына табыс тіледі.

Бұған қоса, келер жылы ауданның таулы өңірлеріндегі ауылдарды газдандыру жобасына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, келер жылы қалған 14 ауылды газдандыру жұмыстары басталатын болады.

Осы ауданға қарасты Ертай ауылында да  медициналық пункт ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев қатысты.

«Елбасы халықтың денсаулығын нығайтуға, өмір сүру жасын ұзартуға зор көңіл бөліп отыр. Мемлекеттің осы мақсатқа бөлетін қаражатының көлемі алдағы уақытта да арта береді. Сондай-ақ, келер жылы аудан аумағынан тағы да 7 медициналық пункт салынады» – деді аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов.

Сонымен қатар, салтанатты шарада аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, ауылдық округтер ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ормахан Нұрлыбаев және Мақсатбек Байболов ауыл тұрғындарын құттықтап, жаңа жетістіктерге жете беруін тіледі.

Пікір қалдыру