Билер кеңесі-Қазақ халқының дала дәстүрі жалғасы

0

Қазақтың әдет-ғұрып заңдар жүйесі, мәдени және демократиялық дәстүрлерге негізделген. Сондықтан өзіне тән ерекше құқықтық реттеушілік мәнін ХХ ғасырдың басына дейін сақтап келді және көшпелі өркениеттің шаруашылық – тұрмыстық, дүниетанымдық негіздері осы жаңа дәуірге дейін сақталғанын байқаймыз. «Қазақтың көне құқығы, ұлан-ғайыр «еркін» аймақта орналасқан, түркі тілді көшпелі өркениеттің төл туындысы, әрі мәдени жемісі, әрі мұрасы. Соның бірі Билер кеңесі.

Билер кеңесінің басты мақсаты — халық арасындағы ұсақ-тиек дауларды сотқа жеткізбей тұрып ауылдың ақсақалдары, яғни билердің араласуымен, кеңесімен шешу. Бұл игі бастама азаматтар үшін де, сот органдары үшін де  тиімді, жалпы ел ішіндегі дауласушылық деңгейін азайтуға сөзсіз ықпал ететіндігінде.

Осы бағытта облыста билер кеңесі құрылады.  Бұл бастама «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің «Дәнекер» пилоттық жобасы негізінде жергілікті сотпен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Осы мәселеге орай, «Ардагерлер орталығында» жиын өтіп, Астанадан арнайы келген осы саланың жігін шағып, майын ішкен мамандар  бітімгершілік кезінде қолданатын медиация заңының ерекшеліктерімен таныстырды.

Билер кеңесін құру бізге бүгін келген жаңалық емес. Бұл көшпелі қазақ халқының дала дәстүрінің жалғасы. Билер соты тарих қойнауында қалса да, оның беделі мен мәртебесі маңыздылығын жоймақ емес. Ал қазіргі қоғамда осы игі дәстүрді қайта жаңғырту қажеттілігі туындап отыр. Болмашы нәрсеге ренжісіп, сотқа дейін баратын жағдайлар көбейіп барады. Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылдың көлемінде сотқа 4 млн-ға жуық арыз түскен. Тағы бір дерек: отау құрғандардың жылына 38 пайызы ажырасып кететіндері елді алаңдатуда. Мұның салдары айтпаса да түсінікті. Толық емес отбасы, тірі жетімдер көбейеді.  Ал билер кеңесі істі сотқа дейін жеткізбей, тараптарды татуластыруға күш салмақ.

Заманында билер шешіміне хан да қарсылық көрсетпеген.  Ел ішінде беделі салмақты, аузы дуалы қариялар дау-дамайды реттеп, ағайын арасындағы ауызбіршілікті сақтауға өз үлестерін қосуға ниетті. Облыстық билер кеңесінің құрамы 7, ал аудандардағы билер кеңесі 5 адамнан жасақталмақ.

Өспейтін елдің баласы – өнбейтін дауды қуады. Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында дау көбеймек, дейді қатысушылар.  Билер кеңесі облыс бойынша Мойынқұм, Талас пен Байзақта ашылып, елге қызмет көрсетуде. Ал жақында Шу ауданында татуласу орталығы ашылмақ.

 

Пікір қалдыру