А.Мырзахметов: «Өңірдегі ешқандай базар жабылмайды»

0

25- ші қарашада Тараздағы бірқатар сауда орындарының отқа оранғаны есімізде. Бұған себеп ретінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмағаны анықталды. Соның салдарынан электр сымдары қысқа тұйықталып, от тұтанған. Құтқарушылар бұған базар қожайынының жауапсыздығы себеп, «өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған»- дейді. Осы оқиғадан кейін сауда нысандары мұқият тексерілмек.

Бүгін Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен облыс орталығындағы базарлар мен өзге де сауда орындарын қолданыстағы заңнама талаптарына сай келтіру және басқа да ұйымдастыру мәселелері туралы жиын өтті. Онда ірілі-ұсақты сауда орындарының жай-күйі жан-жақты талқыланды.

Қазіргі таңда өңірде барлығы 43 сауда базары бар.  Оның 29-ы жаңғыртуды қажет етеді.  Ал, бұған дейін 4-і толық, 6-сы жартылай  жаңғыртудан өтсе, 4-і қажет етпейтіндердің тізімінде. Бұл туралы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхаметжанов баяндады. Оның айтуынша, Тараз қаласында 19 сауда базары тіркелген. Оның 17-сі әмбебап, 2-і мамандандырылған.

Бүгінде 5 ірі сауда орындарына кешенді тексеріс жүргізіліп жатыр. Осыған дейін сауда орындарындағы павильон  иелерінің шамамен 3 тен 1-і салық органдарына тіркелмегендігі анықталған. Базар иелерінің қолдауы болмағандықтан тексеріс барысында бірқатар қиыншылықтар да кездесуде. Соған орай рейдтік тексеріс 1айға созылмақ. Сонымен қатар, базардың табысы мен шығысын барлау үшін арнайы хронометраж жасалынбақ.

Жиын барысында Асқар Исабекұлы ел ішінде айтылып жүрген  әңгімелердің қисыңсыздығын алға тартып, өңірдегі ешқандай базар жабылмайтынын, ондағы сауда жасап күн көріп отырған халықтың жағдайы ескерусіз  қалмайтынын баса айтты. Алдағы уақытта сауда орындарының иелерімен арнайы меморандум жасалмақ.  Ол құжатта  базардағы тазалық, тәртіп, төтенше жағдайлардың алдын-алуға арналған сақтық шаралары мен құрылыс нормаларының сақталуы, өзге де талаптарға сай болуы секілді көптеген мәселелер қамтылмақ. Базардың сыртқы келбеті, базардағы дүңгіршектердегі  тауардың қаржылай көлемін нақтылап отыру секілді жайттар да назарға алынады.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, жоспар бекітілмек. Сондай-ақ, облыс басшысының қатысуымен тұрақты түрде басқосулар өтіп тұратын болды.

 

Пікір қалдыру