«АЛАШ ҰСТАНЫМЫ — ҰЛТ МҰРАТЫ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТПЕК

0

Ресей империясының қазақ даласындағы отарлау саясатының күшеюімен ерекшелен кезінде Қазақ халқы ұлтын сақтап қалу үшін  аймақтардағы наразылық бас көтерулерден бастап, Мемлекеттік Думадағы депутаттық орынға дейін саяси күрес ісіне тартылып, азаттық қозғалысын бастап кетті . Қазақтар өлке өміріндегі өзгерістерге, отаршылдық әкімшілік ойлағандай, сырттай бақылаушы ғана болып қалмай, оған белсене араласты. Олар болыс сайлау, партияға жіктелу, дауыс жинау, кандидаттыққа ұсыну, лауазымды қызмет атқару, Думаға сайлану т.б. қоғамдық-саяси істерге белсене араласты. Жергілікті мемлекеттік басқару отарлау әкімшілігінің басқаруымен, ал сайлаулар шалағайлықпен жүзеге асса да, кең байтақ қазақ даласындағы саяси процестерге халқымыз қызу қатысып отырды. Саяси қатысу қазақы дала өлкесінде өзгеше мәнге ие болды. Сол кезеңдегі көзі ашық, ұлттық сана-сезімі оянған қазақтың зиялы азаматтарының Қазақ тарихында ролі орасан.

Алаш тарихын танып-білу, тарихшылардың тұщымды баяндамаларын  қазіргі жастарға кеңінен насихаттау  мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «АЛАШ ҰСТАНЫМЫ — ҰЛТ МҰРАТЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конферециясы өтеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткелі отырған шараға танымал тарихшы ғалымдар келіп баяндама жасайтын болады.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, т.ғ.д., профессор Мәмбет Қойгелді, Халықаралық «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, ф.ғ.к. Сұлтан Хан Жүсіп, «ҚР Ұлттық Музейі» РМКК жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, с.ғ.к. Берік Әбдіғалиұлы және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к. Ерлан Сайлаубай, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай және «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ардагер журналист Москау Нокрабеков сынды тарихшы ғалымдар бар.

Респубилкалық конференция ертең сағат 09:30-да М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында өтпек.

Пікір қалдыру