Жамбыл облысы әкімдігінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы талқыланды

0

Жамбыл облысы әкімдігінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және  меморандумда  белгіленген индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы қаралуда.  Ол бойынша өңір басшысы Асқар  Мырзахметов, облыс әкімдігінің басқарма басшыларын  жеке-жеке қабылдап, индикаторларға қол жеткізу және қол жеткізбеу қаупі бар көрсеткіштер бойынша жауаптар алды.

Ең алдымен облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков  баяндама жасады. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасындағы халықты қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету  көрсеткіші бойынша жылдық жоспар 93 пайыз болса, орындалуы 91 пайызды құрауда.  Бұл орайда Жамбыл, Сарысу, Шу аудандары жұмыстарының сылбыр екенін жеткізді. Ал, келесі индикатор бойынша 2018 жылы облыс аудандарында 7 автобекет соғу жоспарланса, бүгінге дейін оның  4-еуі ғана бой көтерген. Ал, Шу ауданындағы автобекет мәселесі  жыл соңына дейін шешіледі деп күтілуде. Асқар  Исабекұлы қалған Жамбыл мен Меркі аудандарындағы автобекет соғу жұмыстарын уақыт созбай  іске асыру керектігін шегелеп тапсырды.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі мен Жамбыл облысы әкімі арасындағы меморандумда белгіленген жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі  облыстық және аудандық жолдардың көрсеткіші көңіл толарлықтай. Көзделген меже –73,3 пайыз болса, орындалуы – 78,8 пайызды құраған.

Бұдан соң өңір басшысына облыстық құрылыс, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық  басқармалары есеп беріп, өз тараптарынан көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.

Айта кету керек, мемлекеттік бағдарламалардың және  меморандумда  белгіленген индикаторлардың орындалуы бойынша бұдан басқа да барлық облыстық басқармалардың жұмыстары мен көрсеткіштері қаралуда.

Жоғарыда көрсетілген салалардағы кемшіліктер бойынша басқарма басшылары мен тиісті аудан, қала әкімдерінің жауаптарынан соң, Асқар Мырзахметов жыл соңына дейін индикаторлар көрсеткішін жоспарлы межеге жеткізіп, басқарма басшыларының бірігіп жұмыс істеу керектігін тапсырды.

 

Пікір қалдыру