Таразда «мектепке дейінгі білім сапасын жақсарту» тақырыбында жиын өтті

0

Н. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Мектепке дейінгі білім сапасын жақсарту керек. Қазір ғылымда барлығы баланың ойлауы, қабылдауы 6 жасқа дейін қалыптасады деп жатыр. Біз ешқашан мұнымен айналыспадық. Бұл салада квалификациялық талаптарға, оқыту әдістеріне, тәрбиеші жұмысының және балабақшаның басқа да қызметкерлерінің еңбек ақысын төлеуге мән беру керек. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы жылы тиісті жол картасын әзірлеу керек. Бүгінде балалардың 95 пайызы балабақшаға барып жүр. Бізде мұндай қашан болып еді. Алдық та, 5 жылда жасадық, қолымыздан келді» деген болатын.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын  іске асыру мақсатында Жамбыл облысы білім басқармасының мектепке дейінгі білім бөлімі Тараз қаласындағы №13 орта мектебінде «Мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізді. Жиынға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері мен әдіскерлері  қатыстып, балабақша меңгерушілері тақырып аясында баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.

Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда 90,2%-дан 97,1%-ға өскен. Жыл соңында 98% көтерілуі  күтілуде. Облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 26,2%-ы жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Бұл салада жалпы балалардың 25,2%-ы (13452 бала) қамтылған. Жыл басынан бері 3822 орындық 39 мектепке дейінгі ұйым ашылып, жыл соңына дейін 1882 орындық 23 ұйым ашу жоспарланған.

Биылғы жылы өңірдегі барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балаларды қабылдау және жолдама берудің автоматтандырылған жүйесі енгізілді.

Жолдауда ерекше мән берілген  мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша  облыстағы 99,7% балабақшаға бейнебақылау камералары орнатылған. Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі  бөлім басшысының айтуынша жақында бейне камералар санын арттыру арқылы бақылау аймақтарын: ойын алаңдары, жатын бөлмелері т.б, қамту көзделуде.

Жиын соңында өз саласында «үздік» деп табылған балабақша меңгерушілері алғыс хаттармен марапатталды.

Пікір қалдыру