Жамбыл ауданында ауыз су мәселесі шешімін табуда

0

Адамзат үшін су — тіршілік көзі. Өмір  сүру үшін оның маңызды екені белгілі. Сусыз тынымды тіршілік,  мардымды еңбек алға баспайды. Шалғай елді мекендерді ауыз сумен қамту  алдыңғы қатардағы мәселелердің бірі болып табылады.

Су ресурсы ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін ең маңызды орынға ие. Халықты таза ауызсумен қамтылу жайы, су ресурстары мен оны тиімді және үнемді пайдалану ісі барынша мән берілетін салаға айналуда.

Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет пен жергілікті басқару органдары халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесімен тыңғылықты айналысады. Халықты сумен қамтамасыз ету жүйелі және ұзақ мерзімді мәселе. Халықтың денсаулығының мықты болуы ауыз сумен тікелей байланысты.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданына қарасты Пригородный ауылына су жүйесі қосылды. Су нысанының құрылысымен 2016 жылдың желтоқсанында «Интелект Азия» серіктестігі айналысып, тапсырыс мерзімінен 1 жыл бұрын халық игілігіне берді.

Пригородный ауылын қамтамасыз еткен су құбыры жобасына 2,1 мрд. теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Су құбырының жалпы ұзындығы 62 шақырым. Осы игі іс аясында 6142 тұрғын таза ауыз сумен қамтылып, 1546 аулаға  таза су құбыры тартылды.

Тоғызтарау ауылының да мыңға жуық тұрғыны да таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ауылда 85 үй болса, 45 үй ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Қалған 40 үйге де жыл соңына дейін су жүйесі қосылады деп жобалануда. Құны 141 миллионды құраған  құрылысты «Сұңқар-2002»  серіктестігі жүргізген.  Көптен күткен ауыз судың құрылысы  ағымдағы жылдың маусым айында басталған.

Өңірде елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін 19 нысанның құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 8 миллиард, 295 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні оның 11-і тапсырылып, қалған жұмыстарды келесі жылы аяқтау көзделген.

Межелі мерзімде аяқталып, ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Қазіргі таңда Жамбыл ауданының 40 пайызы таза сумен қамтылған. 2020 жылға дейін қалған 60 пайызын толық ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.

«184 ауылға ауыз су жеткізу үшін шамамен 53 млрд теңге қажет екен. Бұл өте үлкен қаражат. Республикалық бюджеттен бірден мақұлданып, беріле қоймасы анық. Сондықтан уақыт жоғалтпай жоғарыға қол жайып сұраншақ болмай, бұл соманы өзімізден табудың тәсілін қарастыру керек. Дайын жобалар бар. Тіпті еуропалық банктерді тартуға да мүмкіндік бар. Ендігі кезекте тежелмей алдағы жылдары ауыз сумен облыс жұртшылығы 100 пайыз қамтылу керек» — деген-ді Асқар Мырзахметов.

Пікір қалдыру