Байзақ ауданында білім орталығы ашылды

0

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бірқатар нақты тапсырмалар, солардың ішінде аймақтық кітапханаларды жаңғырту аясында жастарға арналған білім орталықтарын ашу туралы тапсырма берген болатын.

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі — халықтың білімге деген құштарлығын арттыру. Осыған орай еліміздегі кітапханалардың қызметін жаңғыртып, оларды жаңа заманға сай орталық ретінде қайта құру жобасы қолға алынуда. Кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтыру — басты мақсат.

Байзақ ауданында Жолдаудағы басты міндеттерді іске асыру мақсатында аудандық орталықтандырылған кітапханада білім орталығы ашылды.

Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев орталықтың ашылу салтанатына қатысып, жастарды кітап оқуға тартудың, кітапханалар жүйесін жаңғыртудың  маңыздылығын, осы бағытта қолға алынған жобалардың болашақ үшін қажет дүние екенін  жеткізді. Ашылу салтанатына қатысқан  аудан әкімінен бөлек, қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев, түрік этномәдени орталығының жетекшісі Мехия Раджамов сөз сөйлеп, і тілектерін білдірді.

Қажетті құралдармен жабдықталған орталықта  ғаламтор алаңында керекті ақпараттарды алуға, теледидардан қызықты бағдарламалар мен мультфильмдерді көруге, мерзімді басылымдарды оқуға, кітап оқудан бөлек әртүрлі жиындар, іс-шаралар өткізуге мүмкіншілік берілген.

Білім орталығын заманауи құрылғылармен жабдықтауға жергілікті бюджеттен 2 млн. теңге қаражат жұмсалған.

Орталықта жұмыс істеуге қажетті кеңістік пен ыңғайлы орындықтар, жеке және топпен жұмыс істеуге арналған алаң, жылдам интернет пен тегін вай-фай, принтер мен сканер бар.

«Нұр Отан»партиясы  жобасы шеңберінде қолға алынған орталықтар жастар мен халықтың қызығушылығына ие болады деп күтілуде.

Білім орталығының ашылу рәсіміне «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұржан Тлепов қатысты.

Пікір қалдыру