Жамбыл облысында «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігі құрылды

0

Жамбыл облысында «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери- патриоттық қозғалысының филиалы құрылды.

Елбасы жолдауында жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беріп, олардың отансүйгіш қабілеттілігін арттыру үшін елімізде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық тобын құру керектігі айтылған болатын.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтуді тапсырған болатын. Жолдау артқан міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараз қаласына келіп, Жамбыл облыстық әкімдігінде өңірдің қорғаныс саласының басшылығы және жастармен кездесті.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының керектілігі мен жастарды тәрбиелеудегі маңызды қадам екендігін атап өтті. Жиын  барысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі тарапынан «Жас сарбаз» жасағының штабын жаңғыртылған «Жеңіс» саябағында орналастыру ұсынысы түсті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов және «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев үшжақты меморандумға қол қойды.

Жиын соңында Жамбыл облысында әскери- патриоттық жұмыстарды жетілдіру бойынша өңірлік үйлестіру кеңесінің төрағасы куәлігі мен «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің төсбелгісі Асқар Мырзахметовке тапсырылды.

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы «Жас сарбаз» филиалын алғашқылардың бірі болып құрғанын, ендігі мақсат еліміздегі жаңа деңгейге көтерілген алдыңғы қатарлы филиал болу екендігін айтты. Бұдан кейін «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асхат Олжабаев сөз алып, бүгінде филиал жұмысының қарқынды екенін, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында өңірде 20 клуб, 14 үйірме жұмыс атқарып отырғанын жеткізді.

Пікір қалдыру