Таразда су ресурсы жөнінде ғылыми – практикалық конференция өтті

0

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына қажетті судың 80 пайызы көрші Қырғыстан елінен келеді. Осы су көзінің азаюы дихандар үшін басты мәселеге айналып отыр. Осы тақырып көлемінде Тараз мемлекеттік университетінде халықаралық ғылыми – практикалық конференция өтті. Су ресурстарын басқару тақырыбында мамандардың тәжірибелерімен бөлісетін платформа негізінде өткен конференцияда суды тиімді пайдалану мәселесі қаралды.

Бірінші кезекте ағын сумен қамтамасыз етуде, ағын су бастаулары сырт жақтарда жатқандықтан, су жөнінен сырт елдерге тәуелді өңірлердің қатарына жатады. Өйткені облыс жерүсті суының 80 пайызын іс жүзінде толықтай көлемде көршілес Қырғызстан аумағынан бастау алып, қалыптасатын трансшекаралық Шу, Талас, және Күркіреусу (Аса өзенінің негізгі тармағы) өзенінен алады. Жамбыл облысына су беретін басқа да үлкен екі мемлекетаралық мәндегі: Шу өзеніндегі — Ортатоқай және Талас өзеніндегі Киров су қоймалары да көршілес қырғыз жерінде орналасқан.

Негізінде Жамбыл облысының су шаруашылығы «Тасөткел», «Теріс-Ащыбұлақ», «Ынталы», «Қарақоңыз», «Қақпатас» сияқты стратегиялық маңызы бар бірнеше ірі су қоймаларынан тұрады. Алайда олардың бәрі — «ТаразСушар» республикалық-мемлекеттік кәсіпорнының иелігінде. Облыстың су шаруашылығы саласында бұдан басқа кішігірім 127 су қоймасы мен бекет, ұзындығы 1346 шақырым шаруашылықаралық және 4710 шақырым ішкі шаруашылықаралық су тарату жүйелері, 781 гидротехникалық құрылым, 588 су өлшейтін гидрометриялық бекет, 1110 шақырым коллектор-дренаж жүйесі, көптеген өндірістік базалар мен мамандандырылған техникалар бар.

 Жоғарыда аталмыш конференцияға Орта Азия елдеріндегі су мәселелерін шешуді қарастыру аясында Өзбекстан, Қырғызстан және өз еліміздің ғалымдары қатысуда.

Конференция барысында Өзбекстандық белгілі профессор Виктор Духовныйдың «Орталық Азиядағы су: өткені, бүгіні, келешегі» деп аталатын кітабының тұсаукесері болды.

Ағын суға сырттан тәуелді болмау үшін, қысқы-көктемгі түскен ылғалдар мен көктемге салым еріген суларды, сондай-ақ трансшекаралық су нысандарында жинақталған суларды облыс аумағындағы су қоймаларына, оларға құятын өзен арналарын тереңдете отырып, кеңейту арқылы барынша мол жинап, сақтау, жаңа технологияларды пайдалана отырып, суару жүйелеріне жөндеу және қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізу, мүмкіндіктері бар өзен арналары жанынан жаңа су қоймаларын жасау шараларын жүргізу қажет. Сондықтан заманауи технологиялар арқылы жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісі аймақта кеңінен таралуда.

 

Пікір қалдыру