ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ ФОРУМЫ

0

«Көрші ақысы – тәңір хақысы», қазіргі таңда қазақ-қырғыз халықтарының арасындағы достық, бауырластық күн санап артып келеді. Соның тағы бір дәлелі ретінде екі елдің белсенді жастарының қатысуымен өткен «Жаңа толқын 100+» атты форумды айтуға болады. Форум Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Меркі жерінде өткізілді.Айтулы шара қырғыз елінен келген жастарды Сыпатай батыр кеденінен  күтіп алудан басталды. Ары қарай  қонақтар Меркі аудандық тарихи – өлкетану музейін аралады. Экскурсия Ботбай бабаның кесенесінде жалғасты. Одан соң, аудандағы «Ақ ниет» шипажайында екі елдің белсенді жастарының қатысуымен «Жаңа толқын 100+» атты форумының ашылу салтанаты болды.

Форумда ән мен күйден шашу шашылып,  «танысу кеші» және әр ұлттың билерінен жарыс ұйымдастырылды. Ал іс-шараның екінші күні «Қоғам бірігуіндегі тіларалық байланыс рөлі» тақырыбындағы семинар-тренингке ұласты. Ал, медиация тақырыбы бойынша  дау – жанжалдың алдын қалай алуға болатыны турасында лекция оқылды.

Сондай-ақ, ұлттық құндылықты қайта жаңғырту «Қазақтану» жобасы да осы іс-шара кезінде таныстырылды.  Мұнда қазақ халқының «Табақ тарту» рәсімі көрсетіліп, дәстүрлі әндер дәріптелді. Үш күнге созылған форумда  спорттық ойындардан турнир өткізіліп, жастар бильярд пен теннисте бақ сынасты. Турнирден кейін форумның жабылу салтанаты өтті. Мұнда келген қонақтар мен облысымыздың белсенді жастарына марапаттау қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталып, флешмобпен аяқталды.

Пікір қалдыру