Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында

0

Жастар саясатындағы негізгі мәселе – жұмыспен  қамту. Статистикаға сүйенсек, бүгінде әлем бойынша 18-30 жас аралығындағы 300 миллион адамның тұрақты жұмысы жоқ. Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылы бүгінгі таңдағы мамандықтардың 50%-ын жасанды интеллект алмастырады. Бұл мамандықтардың ішіне саудагерлер, жүргізушілер, call орталықтың қызметкерлері, заңгерлер мен экономистер кіреді. Ал ғалымдар, топ-менеджерлері, мәдениет қайраткерлері, IT саласының мамандарын және жоғары категориялы дәрігерлерді жасанды интеллект алмастыра алмайды.

«Биылғы жылды Жастар жылы деп бекітуіміздің себебі көп. Жастарды қолдаудың қарапайым жолдарын табуымыз керек. Жастардың қажеттіліктері есепке алынып, олардың өсуіне жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі таңда жастарға сапалы білім, жұмыс, баспана мен отбасы құруға мүмкіндіктер керек. Ғалымдар келешекте әлем өркениетінің 60%-ы 600 үлкен қалада болатынын айтады. Сол себепті үлкен қалаларға көңіл бөлуіміз керек. Еліміздегі үш үлкен қалада кезекте тұрған жастардың тұрғын үй мәселесі назарға алынуы керек» деді Елбасы.

«Қарияларымызға зейнетақысын төлей алмай жатқан кезеңде жастарымызды шетелдегі үздік университеттерге білім алуға жібердік. Әрқайсысына 30-50 мың АҚШ доллары көлемінде шәкіртақы беріп отырдық. Бүгінде шетелде оқып жатқан 14 000 студентіміз бар. Олардың 12000-ы қайтып келіп, елімізде еңбек етіп жатыр. Әлемдік стандартқа сай Назарбаев Университетін аштық. Оның түлектері әлемнің үздік университеттеріне біліктілігін арттыруға аттанады» деді Елбасы.

«Жас ғалымдарға ойларын жүзеге асыруға көмектесуіміз керек. Осыны жеке өзім қолға алмақпын. Осы орайда, Үкіметке іргелі және қолданбалы зерттеулерді қаржыландыруды ұлғайтуды тапсырамын. Жас ғалымдарды қолдауға жыл сайын 3 миллиард қаржы бөлінсін» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев Астана, Алматы, Шымкент сияқты үлкен қалаларда жұмысшы жастарға арнап жылына кемі 1000 тұрғын үй салуды қолға алуды Үкіметке, Президент аппаратына тапсырды. Елбасы тұрғын үйлер жалдамалы баспана негізінде және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде берілетінін айтты. «Осындай баспанаға жұмыс істейтіндер үміт арта алады. Жұмыс — ол әл-ауқаттың негізгі көзі. Біз Қазақстанда патернализмді дамытқымыз келмейді, яғни барлығын мемлекетке жүктеп қойған дұрыс емес. Өздеріңіздің істеріңізбен мемлекетке қолдау жасауларыңыз керек. Сондықтан жас қызметкерлер үшін баспана жағдайын жасауға барлық меншік түріндегі кәсіпкерлерлер белсенді түрде қатысуы қажет. Бұл тұрғыда біздің барша ірі компанияларға үндеу жасар отырмын», деді Президент.

 

Пікір қалдыру