TWESCO зерттеулері жүлде алды

0

Халықаралық Түркі академиясының күн астында күркірей жортқан Күлтегіндердің киелі мекенінде төрт жылдан бері арxеологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатқаны белгілі. Академияның Бұлғын аймағындағы Шивээт улан кешенінде жүргізген зерттеулері бұған дейін өз бағасын алған болатын.

Енді міне, атақты Кентей-Керулен аймағында былтыр бастаған қазба жұмыстары жоғары бағаланып отыр. Моңғолияда кеше аяқталған жыл қортындысы бойынша академияның Қая-құдықта жүргізген жұмыстарының нәтижелі жоғары бағланып, Германия, АҚШ-тың зерттеулерімен бірге алғашқы үштікке еніпті. Кешелі бері әріптестеріміз, Моңғолия ұлттық музейінің басшылары ақжолтай xабарды жеткізіп, сүйінші сұрап жатыр.

Біз үшін бұл жаңалықтың сүйінші сұрайтындай маңызы бар. Бұған дейін түркілерге қатысты зерттеулер әйгілі Орxон аймағында жүргізіліп келген еді. Қазірге дейін оқылған жазбалар, табылған кешендер мен ескерткіштер негізінен осы Орxон аймағынан табылып келген болатын. Ал қағандар қонысы, киелі мекен деп санайтын көршілеріміз Керулен аймағын бағзы замандардан бері моңғолдың атақонысы болған деп есептейтін. Міне, академияның қазба жұмыстары нәтижесінде осы құтты қоныстың түркілердің де киелі мекені болғаны ашылып отыр.

Кешегі жеңіс — соның ресми түрде мойындалғаны!

Осылайша түркология саласында Керулен аймағындағы көне түркі ескерткіштері мен кешендерін зерттеу кезеңі сәтті басталды. Құтты болсын!

Дархан Қыдырәлі

Ұланбатыр қаласында екі күнге жалғасқан «Моңғол археологиясы-2018» атты ғылыми конференция өз жұмысын табысты аяқтады.

Жыл сайын жүргізілген археологиялық зерттеулердің олжалары  қорытындыланып, таңдаулы зерттеулерге бәйге берілетін бұл дәстүрлі басқосуға АҚШ, Канада, Германия, ҚХР, РФ, Жапония, Корея секілді  көптеген шетелдің 87 ғалымның зерттеуі, барлығы 68 археологиялық қазба жұмысының нәтижесі сарапқа салынып, сыннан өтті.  Аталмыш шараға Халықаралық Түркі академиясының Моңғолияда жүргізген үш бірдей қазба зерттеуі, атап айтқанда, Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институтымен бірлескен «Шивээтулаан-2018» экспедициясы мен «Хөшөөцайдам » жобасы, сонымен бірге Моңғолия Ұлттық музейімен бірге жүргізілген  Гүнбүрд, Қияқұдық көне түркі кешені археологиялық қазбасы туралы баяндамалар зиялы қауымның назарына ұсынылған болатын.  Мамандардың жан-жақты талқысына салынып, дауыс беру арқылы жылдың үздік археологиялық зерттеулері анықталды. Таңдаулылар қатарында академия экспедициясының жұмыстары бар.

Анығырақ айтқанда, Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ұлттық музейінің 2017-2018 жылдары зерттеу жүргізген Гүнбүрд, Қияқұдық көне түркі кешені   үшінші  орынның жүлдесін жеңіп алды. Сонымен бірге осы жобаға қатысқан археолог Чинболд Баяндэлгэр киелі жерлерді дронмен әуеден түсірген үздік жұмысы бас бәйгеге ие болды. Ал жарыста бірінші орынға Моңғолия –Германияның «Қарабалғыс» жобасы, екінші орынға Моңғолия –Американың «Солтүстік Моңғолия» экспедициясы  лайықты деп танылған. ​Өткен жылғы жазғы маусымда Шыңғысханның атажұрты Хэнтай аймағы Дэлгэрхаан сұмынындағы киелі кешендерге зерттеу жүргізген академия ғалымдары түркі мұрасын байытатын бірқатар олжаларға тап болып,  кешеннен түркі дәуіріне тән  ер мен әйел адамның  тас мүсіні, құмыра секілді жәдігерлер табылған болатын. Академия мен музейдің «Керулен» жобасы алдағы жылдарда да тиянақты ізденістерін жалғастыратын болады.

Egemen.kz

 

Пікір қалдыру