Әлеуметтік желідегі әкімдер

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет­ші­лерге халықпен жақын болуды тапсырып, заманауи комму­никация құралдарын кеңінен қолдануға кеңес бергені сол еді, әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқар­ма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркеле бастады. Бұл халық пен билік арасындағы байланыс­ты нығайтуға белгілі бір мөлшерде септігін тигізер деген үміт бар.

Жалпы, заманауи коммуникация құралдары билік пен халықтың, түрлі әлеуметтік топтардың арасындағы өзара байланыстың тетігіне айнала бастағаны анық. Билік өкілдері әлеуметтік желілерден бойын аулақ салғанымен, қоғамдағы түрлі топтар арасында бұл құралдар кәдімгідей жедел ақпарат алмасу, ой бөлісу тетігіне айналған. Билік институтының әлеуметтік же­лі­лер мен мессенджерлерге де­ген қызығушылығы 2012-2013 жылдарда басталған бо­ла­тын. Бірқатар лауазымды тұл­ғалар сол жылдары әлеу­меттік желілерден аккаунт ашқан еді. Алайда, шенеу­ніктердің белсенділігі ұзақ­қа созылған жоқ. Twitter-де ға­на санаулы жоғары лауазым­ды тұлғаның аккаунты тіркелген еді. Ша­масы, біздің атқамінерлер за­манауи коммуникация құрал­дарының халықпен байланыс орнатуда шешуші рөлге ие бола бастағанын аңғармағанға ұқсайды. Ал халық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді күн өткен сайын жиі қолдана бастады. Тіпті ел ішінде «WhatsApp фольклоры» дей­тін бейресми атау да пайда бол­ған. Түрлі бейнелер, аудио­лар мен GIF файлдар таратылады. Мессенджерлердегі топтарда елдегі сан қилы мә­селелер қызу талқыланады. Яғ­ни, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер мемлекет­тен «бөлек» өмір сүре бастаған еді.

Мұның пайдасымен қатар, зияны да болатыны анық. Мессенджерлер арқылы тараған ақпараттардың әлеу­мет­тік шиеленістер туғызған кезі де болды. Мәселен, 2017 жылы елордада салынып жатқан Әбу-Даби Плаза кешеніндегі жұмысшылар арасындағы келіс­пеушілік мессенджерлер арқы­лы жұртқа тарап, үндістандық жұмыс­шылар мен Қазақстан азамат­та­ры арасында төбелес шыққан бола­тын. Оқиға болған жерге мессенд­жер­лердегі ақпараттарды естіген отан­дас­­тарымыз жиналған еді. Соны­мен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер елдегі кейбір келеңсіз оқиғаларға құқық қорғау органдарының назарын аударуға да себепші болған. Түрлі аймақтарда болған балалар төбелесі, әлімжеттік, балабақша тәрбиешілерінің бүлдір­шін­дерді ұрып-соғуы сияқты дерек­тер тиісті мекемелерге мессенджерлер арқылы жеткен. Бір сөзбен айтқанда, заманауи коммуникация құралдары ықпалды күшке айналды. Әлеуметтік желі­лер мен мессенджерлердің осын­­дай ерекше­лік­терін жақсы біл­ген­дік­тен болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдер мен Үкімет мүшелері қатысқан кеңесте: «Әлеу­мет­тік желілермен белсенді жұмыс істеу керек. Әртүрлі мессенджерлерде топтар құрып, жүргізіліп жатқан жұмыс­тарды түсінікті тілмен жеткізу керек», деген еді. Сол-ақ екен, түрлі дең­гей­дегі әкімдер мен басқарма басшы­­лары әлеуметтік желілерге лап қойды.

Әлеуметтік желілердің де аласы мен құласы бар

Әр әлеуметтік желінің өзіндік ерекше­ліктері бар. Егер сырттай қарай­тын болсақ, Қазақстанда бала­лар мен жасөспірімдер көбіне ВКонтакте желісінде, орта буын мен белсенді азаматтар Facebook-та, шоу-бизнес өкілдері мен қыз-келіншектер Instagram-да көбірек шоғыр­ланған. Енді оған Twitter қосы­лып жатыр. BrandAnalitiks ком­па­ния­сы таратқан деректерге сенсек, былтыр желтоқсанда ВКонтакте желісіне 2 млн, Instagram-ға 1,5 млн, Facebook-қа 2,5 млн отандасымыз тіркелген. Бірақ Facebook-тағы белсенді қолданушылар саны 400 мың шамасында болыпты. Twitter-ге 2018 жылдың соңында 28 мың 600 қазақстандық тіркелсе керек. Әрине, 2019 жылдың қаңтар айында елде 16,88 млн адам интернетке қол жет­кізіпті деген деректі ескер­сек, әлеу­­меттік желілерде тіркел­ген азаматтар саны тым көп емес. Жал­пы, тір­кел­ген аккаунттар 6 млн төңірегінде ғана. Бұл дегеніңіз біздегі интернетке қол жет­кізген азамат­­тар әлеуметтік желілер­ді емес, мессенджерлерді көбірек қолданады деген тұжырым жасауға мәжбүрлейді. Яғни, WhatsApp пен Telegram көш басында тұруы мүмкін. Оны тиісті мекемелер анықтай жатар, біз ойымызды әрмен қарай сабақтайық.

Twitter трендке айналды

Twitter демекші, қазақстан­дық­тар­дың бірқатары осы желіге айрықша назар аударды. Бұрынғы аккаунты барлар қайта оралып, жоқтары жаңадан ашуда. Ал Twitter-бум жасауға Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ық­палы болғанын байқау қиын емес. Бұрын бұл желіде тіркелген жоғары лауазымды қызметкерлердің арасы­нан тек Қ.Тоқаев пен К.Мәсімов қана көзге түсетін. Бүгінде Мемлекет бас­шы­сының Twitter аккаунтында 115 мың жазылушы бар. Бұл желі бұдан бы­лайда отандастарымыз арасында таны­мал бола түсуі мүмкін. Қазіргі беталыс соны байқатады.

Соңғы күндері Twitter-ге Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың тіркелгенін көрдік. Өз аккаунтынан жаңалықтар бөлісе бастады. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бұл желіге 2017 жылдың қарашасында тіркелген. Содан бері азды-көпті белсенділік танытып келеді. Ал бұл желіде Бауыржан Байбек пен Өмірзақ Шөкеевтің атынан аккаунттар 2011 жылы ашылған. Қырымбек Көшербаевтың атынан да сол жылы аккаунт ашылыпты. Бірақ үшеуінде де ешқандай жазба жоқ. Біздің пайымдауымызша, бұл аккаунттар фейк немесе аталған азаматтар өздері ашқанымен әрі қарай жүргізбеген болуы мүмкін. Бүгінде Павлодар облысын басқарып отырған Болат Бақауовтың да атынан аккаунт ашылыпты. 2014 жылы. Бұл да бос. Қысқасы, Twitter-де әкім аз.

Айтпақшы, бұл желіден Даниал Ахметов деген 4 аккаунт кездестірдік. Бірақ олардың ешқайсысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі емес.

Facebook-тегі әкімдер

Facebook-те әдетте белсенділік жоғары болады. Әлеуметтік желілердің ішін­де Facebook үнемі у-шу болады да жатады. Мұндағы оқырмандар тым белсенді. Бәлкім, содан да шығар Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жақында ғана осы желіден аккаунт ашты. Әзірге Ақтөбе әкімінің Facebook-тегі достарының саны мыңға жеткен жоқ. Оның аккаунты наурыз айының 28-і күні ашылды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың да Facebook-тегі жазылушылары мол емес. Ол да аккаунтын 28 наурызда ашқан. Сонымен қатар Facebook-та Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың атынан ашылған аккаунт бар. Ол бұл желіге 2017 жылдың 23 желтоқсанында тіркелген. Оның да жазылушылары мол емес. Алайда 2018 жылдың 1 сәуірінде аталған аккаунт иесі облыс әкімінің әлеуметтік желіге жеке өз атынан тіркелмегенін, бұл аккаунт тұрғындардың жергілікті атқарушы органдарға деген сенімін нығайту әрі аймақтағы оқиғалардан хабардар етіп отыру мақсатында ашылғанын жазды. Яғни, аккаунт тікелей Маңғыстау әкімі­не тиесілі емес. Сондай-ақ Facebook-та Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан ашылған аккаунт та бар. 2013 жылы тіркел­ген. Ол кезде А.Мұхамбетов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары еді. Бірақ парақшада бірде-бір жазба жоқ. Біздің пайымдауымызша, бұл аккаунт та фейк болуы мүмкін.

Фейк аккаунттар көбейіп барады

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram әлеуметтік желісінен парақша ашқан болатын. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметінің жетекшісі  әлеуметтік желілерде жазды. Әрине, Instagram-ның бұқара үшін ең танымал желілердің бірі екендігі анық. Алайда саясаткерлердің бұл желіге тіркелуі түрлі фейктердің қаптап кетуіне алып келген сыңайлы. Блогер Жанасыл Болатбек жақында Instagram-да tokayev_online деген мазмұндағы он шақты аккаунт ашылғанын жазды. Біз санағанда мұндай мазмұндағы 34 аккаунт кез­десті. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның атынан да парақша ашыл­ған. Бірақ Сенаттың баспасөз қызметі Дариға Нұрсұлтанқызының ешбір әлеуметтік желіге тіркел­ме­ген­ін мәлімдеді. Дегенмен Instagram-да Сенат Төрағасының аты-жөнінен аумайтын есім-сойы бар 6 парақша таптық. Олардың екеуінде Сенат Төрағасы­ның суреттері жарияланған. Яғни, мақсатты түрде ашылған фейк аккаунттар. Сонымен қатар бұл желіде Асқар Мамин деген атпен 6 азамат тіркелген. Соның ішінде mamin_online деген аккаунт та бар. Онда аккаунт иесін Үкімет басшы­сы деп көрсеткен. Бірақ Үкімет­тің баспасөз қызметі бұл парақ­шаның да фейк екенін мәлімдеді. Қысқасы, атқамінерлердің әлеуметтік желілерге тіркелуі бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан жалған ақпарат тарататын фейктердің де көбеюіне себепші болып отыр.

Не істемек керек?

SMM маманы Нұрлан Жанай әлеуметтік желілерге шенеуніктердің тіркелуі науқанға айналып кетпеуі керек екенін айтады. Кез келген басшы әлеуметтік желілердегі жұмыс­тың маңызын түсінгені дұрыс. «Оффлайннан айырмашылығы, бұл жердегі әр іс-әрекет көптің компью­те­рінде, архивінде сақталады. Басшы әлеуметтік желіде бір жұмыс бастап, соңына жеткізбей басқа жаққа кетсе де, сол берілген уәделер картин­ка­лар­да цитата болып жүруі мүмкін. Сондықтан халықпен қандай байланыс орнатылатынын нақтылап, соған сәйкес әлеуметтік желідегі ақпа­рат таратылғаны жөн. Жалпы басшы­лар Facebook-тан аккаунт емес, парақша ашқаны дұрыс. Өйткені аккаунт­та достың саны да, басқа да мүм­кін­дік­тер шектеулі. Ал Twitter қазіргі кезде Қазақстанда белсенді болмаса да, басшылардың әсерінен жандануы мүмкін. Қысқа-нұсқа есеп түріндегі жазбалар үшін Twitter өте ыңғайлы алаң. Ал мессенджерлерден Telegram-ды белгілі бір салада шағым, ұсыныс, тілек қабылдау үшін қолдануға болады. Дегенмен осы әлеуметтік желі­лер­де­гі жұмыстар өртті уақытша өшіретін профилактикалық шаруа емес, ұзақ мер­зімге қарастырылған жүйелі, жан-жақты келісілген, мамандармен ақылдасып шешілген стратегия болуы қажет», дейді блогер. Яғни заманауи коммуникация құралдарын пайдалану жүйелі стратегиясы бар, жан-жақты ойластырылған іс болуы тиіс. Онсыз коммуникация құралдары билік пен халықтың арасындағы байланыс тетігі емес, жалған ақпарат, қауесет тарататын, тіпті билік өкілдерінің беделін түсіретін дүниеге айналып кетуі мүмкін.

Амангелді ҚҰРМЕТ, «Egemen Qazaqstan»

Пікір қалдыру