ТҮРКІСТАНДА ТҮРКИЯ – ҚАЗАҚСТАН ДЕНСАУЛЫҚ АПТАСЫ БАСТАЛДЫ

0

Түркістан қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Түркия – Қазақстан денсаулық аптасы» бастау алды. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жоғарғы оқу орнының президенті, профессор Болатбек Абдрасилов мәлімдеді.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Еуропа бiрлестiгi және сыртқы icтep бойынша «Түркия-Қазақстан денсаулық апталығының» жауапты топ жетекшiсi Ариф Четин, Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор өкілі, профессор доктор Женгиз Томар баяндама жасады.

8-14 сәуір аралығында өтетін апталық барысында Түркия мемлекетінен келген хирург, уролог, офтальмолог, пластикалық хирург, акушер-гинеколог, балалар хирургі, анестезиолог-реаниматолог, ЛОР мамандары Түркістан облысындағы науқастарды қабылдап, ем-дом көрсетіп, қажетінше тегін оталар жасалынатын болады. Шетелден келген кәсіби мамандар Tүpкicтaн қалалық балалар ауруханасы мен №3 облыстық Перинатальдық орталықта және  Түркістан қаласындағы клиника-диагностикалық орталыында қабылдау жүргізеді.

Түркия елінен келген Еуропа бiрлестiгi және сыртқы icтep бойынша «Түркия-Қазақстан денсаулық апталығының» жауапты топ жетекшiсi Ариф Четин Халықтың денсаулығына арналған бұл апталық бауырлас Қазақстанға, оның ішінде Түркістан жеріне деген құрмет екендігін жеткізді.

«Қазақстан – Түркия үшін қашан да бауырлас, жақын ел. Ал  Түркістанды күллі туркиялықтар Атажұрт деп біледі. Сондықтан осында бүйрегіміз бұрып тұрады. Бастау алған «Түркия – Қазақстан денсаулық аптасы» осы өңірдегі тұрғындарға арналып отыр. Түркиядағы ең үздік дәрігерлер бұл апталықта науқастарды қабылдап, тегін ем жасайды. Сараптамаға байланысты ақысыз ота да жасалынатын болады. Алдағы уақытта бұл апталықты ұлғайтып, 1 ай көлемінде жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ариф Четин.

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи университетінің медицина факультетінің клиникалық базасында Түркістан облысының дәрігерлеріне «Радиология», «Шұғыл көмек және ТРИАЖ системасы» бойынша семинар-тренинг, тәжірибе алмасу сабақтары өтіп, нәтижесінде сертификаттар табысталатын болады.

 

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікір қалдыру