Кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 4 себеп — Айдос Сарым

0

Танымал саясаттанушы және қоғам қайраткері Айдос Сарым кезектен тыс президент сайлауын өткізудің төрт себебін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Геосаясат. Тұңғыш Президенттің өз өкілеттігін тоқтатуын көпшілік күтпеді. Алғашқы күндері ел басшылығымен бір ғана Қытай елшісі бес рет кездесті. Транзитке кіруге болады, бұл оңай. Бірақ, онда қалып қоюға да болады. Бізге әлемнен оқшаулануға, стратегиялық белгісіздікке жол беруге болмайды. Екеуі де ішкі шаруаларымызға үлкен ойыншылардың килігуіне әкеп соғады», — деп жазды саясаттанушы өзінің Telegram каналында.

Екіншіден, сайлау инвестициялық және бизнес ахуалға әсер етеді.

«Отандық және ғаламдық бизнестің ойын ережелерін ұзартуды немесе жаңа, түсінікті ережелерді күтіп отырғаны жасырын емес. Өткен жылмен салыстырғанда, ішкі инвестициялар екі есе азайды. Тіпті ірі рейтинг агенттіктері де кезектен тыс сайлауға ишара жасауда», — деп атап өтті ол.

Үшінші себеп ретінде саястаннушы билік пен мемлекеттік аппараттың бірлігін атады.

«Біздің элита күрделілік пен белгісіздік жағдайында жұмыс істей алмайды. Егер өтпелі кезең ұзаққа созылар болса, мемлекеттік аппарат пен элитаның бір бөлігі бұзылады. 2004 жылды, Асар партиясын еске алайық. Келесі жылға дейін созсақ, қоғамды әлсіретіп аламыз», — деп есептейді сарапшы.

Сонымен бірге, А. Сарымның пікірінше, сайлау елдегі партиялық-саяси жағдайға оң ықпалын тигізеді.

«Сайлау елдегі партиялық-саяси жүйені қайта жаңартады, 2001 жылғы жікке бөлінуді жабады. Қазірдің өзінде партиялық амбициясы туралы айта алатын ең кемі 5-6 ойыншы пайда болды. Бұл сайлау — біз үшін үлкен мүмкіндік», — деп сөзін түйіндеді ол.

Alashainasy.kz

Пікір қалдыру