Дәурен Абаев радикализмнің қорегін тоқтату керектігін атап өтті

0

Ислам әрдайым бейбітшілік пен толеранттылықтың, жасампаздық пен үйлесімділіктің діні болып саналады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманғы сын-қатерлер» тақырыбындағы IV халықаралық діни-ғылыми конференцияда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Діннің тұтастығы — елдің тұтастығы», «Діни алауыздық ұлт алауыздығына апарып соқтырады» деген еді. Біз діні мен тілегі бір, тілі мен дәстүрі жақын бауырлас елдерміз. Қазақстан мен Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан және Түрікменстан мұсылмандар қауымы көп шоғырланған зайырлы мемлекеттер. Бүгінгі конференцияға Ресей Федерациясы, Қытай, Финляндия мен Моңғолия елдерінің өкілдері де арнайы қатысып отыр», — деп атап өтті Д.Абаев.

Осы ретте министр  Тәуелсіздік алған жылдардан бері біздің республикамызда Исламның, жалпы діннің рөлі айтарлықтай артқанын айтты.

«Біздің  халықта, сіздердің ел тұрғындары да ықылым заманнан бері Исламның Ханафи масхабын ұстанады. Бұл көне дәстүрлерімізбен тығыз сабақтасып жатқан объективті, рационалды қадамдардың алға қоятын бағыты. Орталық Азияда Ислам әрдайым бейбітшілік пен толеранттылықтың, жасампаздық пен үйлесімділіктің діні болып саналады. Біз үшін осы мұраны көздің қарашығындай сақтау өте маңызды», — деді ол.

Оның атап өтуінше, Исламның дамуына Орталық Азия өркениетті тұрғыда зор ықпалын тигізген.

«Біздің елдерден шыққан ұлы ойшылдар Құран мен сүнетті де жетік меңгерген. Сондай-ақ олар гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын алға жылжытқан ғаламат білім иелері еді. Сол ұлы тұлғаларымыз адамзаттың тарихындағы математика мен химияның, архитектура, философия мен поэияның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әбу-Насыр әл-Фараби, имам әл-Бухари,  имам әл-Термизи, Қожа Ахмет Ясауи озық ғылыми ойдың әлемдік тарихына есімдері алтын әріптермен жазылған тұлғалар. Орталық Азия халықтары өздерінің ойшылары салып кеткен сара жолмен тура жүріп келеді. Атадан қалған мұраны, аманатты сақтау біздің салтымызға айналған. Ең бастысы рухани және діни құндылықтарды қастерлеу арқылы заманның да көшінен қалмай мемлекетіміздің қарыштап дамуына да көп көңіл бөлініп отыр» — деді Дәурен Абаев.

Осы орайда министр радикализмге адамдар қандай себеп бойынша баратындығын анықтау қажеттігіне бас назар аударды.

«Қолда бар алтынның қадірін білу де өте маңызды. Өйткені, бүкіл Дүниежүзі этникалық, діни, мәдени, әлеуметтік тұрғыдағы бөліністердің дағдарысын бастан кешіріп отыр. Кейде осы алауыздық ашық айқастарға да ұласып кетіп жататындығы өкінішті. Дінді алға тартып, терроризм мен экстремизмді насихаттап жүрген кейбір «қой терісін жамылған» жекелеген адамдардың мәселесі өткір болып отыр.

Радикализмге жекелеген адамдарды гуманистік, интеллектуалдық, мәдени жағдайлар итермелеуі мүмкін. Сондықтан да заманауи зайырлы мемлекеттің дін өкілдері аймақтардағы дәстүрге мән беріп, мәдени бағыттағы, ғылым мен білім саласындағы артықшылықтарды ескеруі тиіс деп ойлаймын.

Сондай-ақ, біз жас ұрпақтың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруымыз керек. Қазіргі жастар өз пікірлерін ашық айта алады. Олар бәсекеге қабілетті, білімге құштар. Ең бастысы олардың санасына жат ағымдарға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру маңызды. Біз бай мәдениетіміз, ерекше салттарымыз, айрықша тарихымыз бар мемлекеттерміз. Сондықтан фанатизмге, діни консерватизмге, дәлелсіз қағидаларға беріліп кетпей, тура жолдан таймай, дінді дұрыс қырынан насихаттай білуіміз керек деп ойлаймын», — деді Дәурен Абаев.

Оның атап өтуінше, діни дамудың қазақстандық моделі мейірімділік, адамгершілік, бейбітшілік сияқты құндылықтардан құралады.

«Елордамызда Елбасының бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өткізіліп тұруы да  осының айғағы болса керек. Қазақстан Ұлы даланың рухани мұралары дәстүрімізбен сабақтасып кеткен Ислам қағидаларын құрметтейді. Алайда зайырлы, көпұлтты мемлекеттерге тән, өзге наным-сенім өкілдерінің де таңдауына шектеу қоймайды. Көпконфессиялы әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған қоғамда бірлік пен бейбітшілікті сақтау бірінші кезектегі мәселе. Сондықтан да бұл қағдидадан таймаймыз» — деді Д. Абаев.

ult.kz

Пікір қалдыру