Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Кристиан Оливасты ұтып, екі бірдей алтын белбеуді иеленді

0

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақтың ұлы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Кристиан Оливасты ұтып, екі бірдей алтын белбеуді иеленді.

10 раундтық жекпе-жекке алғаш рет шыққанына қарамастан қандасымыз рингте өзін еркін сезінді. Алғашқы екі раунд барлаумен өткенімен, одан кейін Жәнібек бәсеке тізгінін мықтап қолға алды. Жақсы соққылар жұмсап, сериямен де  сәтті жұмыс істеді. Әсіресе, апперкоттары ойдағыдай өтті. Қорғаныста да сауатты болды. Сол жарты сағаттық жекпе-жек барысында Әлімханұлы өзіне бірде-бір қатты соққы дарытқан жоқ. Керісінше, қарсыласын үнемі қыспаққа алып, өзі ойлаған жоспарын жүзеге асырды. Бұл бәсеке соңына дейн созылғанымен төрешілер жеңісті бір ауыздан біздің жігітке берді.

Осылайша, кәсіпқой рингтегі өзінің алтыншы кездесуінде жеңіске жеткен Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBA Global және WBC Continental Americas нұсқалары бойынша алтын белбеуді иеленді. Қандасымыздың бұл табысы алдағы уақытта бұдан да  ірі жеңістердің алтын бастауы болады деп үміттенеміз.

Ғалым Сүлеймен«Egemen Qazaqstan»

Пікір қалдыру