Біз — бауырлас елміз

0

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Али Рыза Акынджымен кездесті.

Кездесу барысында Шымкент қаласы мен Түркия Республикасы арасындағы қарым-қатынастың дамуы мен одан әрі өрбуі сөз болды.

Шаһар басшысы Ерлан Қуанышұлы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері екі елдің сауда-экономикалық саласында іскерлік қарым-қатынастың орнағанына, осы орайда, Шымкент қаласының шетелдік инвесторлар үшін қолайлы аймаққа айналғанына тоқталды.

«Миллионнан астам халқы бар қаламыздың дамуы үшін шетелдік инвесторларды тарту маңызды мәселе. Бұл орайда Түркия елінің орны ерекше. Бүгінде Шымкентте түркиялық инвесторлар құрылыс, медицина салаларында қарқынды жұмыс істеуде. Соның бірі әрі бірегейі — қырық жылдық тарихы бар түркиялық «Орхун Медикал» компаниясы Шымкентте онкологиялық «ПЭТ» орталығын салуды қолға алды. Одан бөлек, бауырлас елдің белді құрылыс компанияларының күшімен қаламызда тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Сонымен қатар, туризм саласы Түркияның негізгі қайнар көзі десек қателеспейміз. Осы орайда, келер жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болатынын ескере отырып, Сіздерді аталмыш шараның қадірлі қонағы болып қана қоймай, туризм саласын жандандыруда бірге ат салысуға шақырамын», — деді Е.Айтаханов.

Өз кезегінде Али Рыза Акынджы Шымкент қаласымен кез келген салада бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Біз — бауырлас елміз. Қазақстан мен Түркия арасында ерекше достық қарым-қатынас қалыптасқан. Біздің Шымкент шаhарына келуіміздің негізгі себебі — екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту. Экономика, құрылыс, медицина, туризм салаларынан бөлек киноиндустрия саласын да жандандыруға ниеттіміз. Шымкент қаласы мегаполис болғанына шынайы қуаныштымын. Себебі, енді бірлескен жұмыстар жаңа леппен, жаңа серпінмен жүзеге асады деп ойлаймын», — деді бас консул.

Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта мәдени-танымдық жұмыстарды жандандыруға уағдаласты.

Пікір қалдыру